Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Роман Василенко қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Конституцияның күшіне енуі елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңіне жол ашқан тарихи оқиға екенін атап өтті.
Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары осы маңызды оқиға қарсаңында өткенінің символдық мәніне тоқталып, Қазақстандағы ішкі реформалар мен Еуропалық одақпен стратегиялық әріптестіктің дамуы өзара тығыз байланысты екенін айтты.
Елші жаңа Конституцияның Қазақстандағы демократиялық институттар мен заң үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайтынын атап өтті.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов іс-шараның негізгі баяндамашысы ретінде сөз сөйлеп, еліміздің жаңа конституциялық моделіне сараптамалық шолу жасады.
Жандос Шаймарданов Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Негізгі заң кең қоғамдық диалогтың нәтижесінде қабылданды және мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын ғана емес, сонымен қатар адамның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиетін басты құндылық ретінде айқындайтын заманауи конституциялық қағидаттарды бекітеді.
Іс-шара барысында конституциялық жаңашылдықтарды іс жүзінде жүзеге асыру, заңнаманы одан әрі жетілдіру және қолға алынған реформалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жандос Шаймардановтың айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, әділеттілік, заң үстемдігі және қоғамдық келісім қағидаттарын орнықтырады. Сонымен қатар ол адами капиталға, білімге, инновацияларға және цифрлық трансформацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуді айқындайды.
Кездесу барысында мазмұнды пікірталас өтіп, қатысушылар Қазақстандағы конституциялық реформалардың іске асырылуы, елдің саяси жаңғыруының келешегі және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Атап айтқанда, Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс Қазақстанда жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Ал Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің Орталық Азия басқармасының басшысы Дитмар Крисслер Президенттің Брюссельге ресми сапары барысында айтылғандай, еуропалық тарап Қазақстандағы саяси жаңғыру бағытын қолдайтынын жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушылар Shanyraq Dialogue алаңы Қазақстан мен еуропалық серіктестер арасында ішкі даму мен халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша ашық сарапшылық диалог жүргізуге мүмкіндік беретін тиімді алаң болып қала беретінін атап өтті.
Эдуардс Стипрайстің Kazinform агенттігіне берген пікірінде Конституцияны әрбір азаматтың құрметтеп, сақтауының маңыздылығына тоқталды.
— Қазақстан халқына айтарым, жаңа Конституцияны күнделікті өмірде, бір-біріңізбен және саясаткерлермен қарым-қатынаста басшылыққа алыңыздар. Демек, бәрі де Қазақстан халқының өз қолында, — деді ол.
ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Қазақстандағы бір палаталы парламент жүйесі еліміз үшін әлдеқайда тиімді екенін де айтты.
— Әдетте екі палаталы парламент жүйесі тарихи немесе мемлекеттік құрылымның ерекшеліктеріне байланысты қалыптасады. Мысалы, Ұлыбританияда бұрын ақсүйектерден жасақталған Лордтар палатасы және халық сайлаған Қауымдар палатасы бар. Ал Германияда екі деңгейлі парламент жүйесі жұмыс істейді: Бундестаг пен Бундесрат. Мұнда Бундесрат федералдық жерлердің мүддесін білдіреді, — деді Эдуардс Стипрайс.
Қазақстан 1990-жылдың басынан бері унитарлы мемлекет болып келеді, яғни федеративті ел емес. Оның айтуынша, елге саяси тұрғыдан алғанда жоғарғы палатаның болуы аса қажет болған жоқ. Ол осы тұрғыдан жүйені оңтайландырып, оның құрылымын барынша айқын ету — өте дұрыс әрі пайдалы қадам деп санайды.
Жалпы, Эдуардс Стипрайстың пікірінше, Қазақстан қоғамының, оның саяси жүйесінің және тұтастай мемлекеттің орнықтылығын арттыру аса маңызды.
— Сондықтан бұл конституциялық реформа, ең алдымен, қоғамды нығайтуға және оны болашақта кездесуі мүмкін кез келген сын-қатерге дайын етуге бағытталған, — деді еуропалық дипломат.