Бүгін Алматыда Almaty Open теннис турнирі басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда теннистен Almaty Open қалалық турнирі басталды. Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан Gorky Tennis Park клубында өтіп жатқан бұл жарысқа барлығы 96 ерлер жұбы қатысуда.

«Жыл сайын өткізілетін бұл қалалық турнир Алматы қаласының күніне арналған. Жарыс биыл осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Барлығы 96 жұп қатысуда. Бұл турнирге тек ер азаматтар қатысады. Биылғы жүлделер қоры 20 мың АҚШ долларын құрады. Бірінші, екінші және үшінші орын алғандарға осы жүлделер қорының ақшасына естелік сыйлықтар және қымбат бағалы теледидарлар, компьютерлер табыс етіледі. Almaty Open турнирі Қазақстанда әуесқой тенниске қолдау көрсетіп келе жатқан ең ірі санаулы жарыстардың бірі» - деді өз сөзінде осы турнирді ұйымдастырушы Gorky Tennis Park клубының маркетинг бойынша менеджері Жәмилә Шәріпова. Әуесқой теннисшілер арасында ұйымдастырылған бұл турнир екі күнге созылады. Ойындар топырақ төсеніші бар 8 кортта өтеді.