Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін келеді. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз - намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандығымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені...», - деген. Сондықтан Құрбан айт таңы атысымен-ақ исі мұсылман баласы ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, айт намазын оқу үшін мешітке барады.
Биыл Құрбан айт намазы Астана қаласындағы мешіттерде таңертеңгі сағат - 09.00-де, Алматы қаласында - 08.30-да, Алматы облысында - 08.30-да, Талдықорған қаласында - 08.30-да, Жамбыл облысында - 08.45-те, Оңтүстік Қазақстан облысында - 09.00-де, Қызылорда облысында - 09.30-да, Батыс Қазақстан облысында - 09.20-да, Қарағанды облысында - 09.15-те, Жезқазған қаласында - 09.30-да, Көкшетау қаласында - 09.30-да, Павлодар облысында - 09.00-де, Петропавл облысында - 09.30-да, Қостанай облысында - 10.00-де, Шығыс Қазақстан облысында - 08.30-да, Маңғыстау облысында - 09.00-де, Атырау облысында - 09.40-та және Ақтөбе облысында - 09.30-да оқылады.
Айт намазы оқылғаннан кейін Алла разылығы үшін құрбандық шалынып, пайғамбарлар мен ата-бабалардың рухына бағыштап дұға оқылады. Сонымен қатар, көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Мереке күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады.
Құрбан айт күндері қасиетті Меккеде Қажылық парыздарын атқарып жатқан тәуапшылардың Қажылық рәсімдері аяқталады. Олар ихрам хал-күйінен шығып, қалыптағы тіршілікке ауысады. Қажылар Мина алқабында құрбандық шалады, мүсәпір-міскіндерге қайыр-садақа беріп, басқа да талап-шарттарды атқарады.
Еске салайық, Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылдың 30 желтоқсанында қол қойған, "Еңбек туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Құрбан айттың бірінші күнінде барша қазақстандықтар демалады.