12:26, 10 Сәуір 2009
Бүгін қалалық жастар мәслихатына сайланған депутаттар қызметтеріне кіріседі
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін сағат 16.00-де үстіміздегі жылғы ақпан айында қалалық жастар мәслихатына сайланған депутаттар салтанатты түрде қызметтеріне кіріседі.
Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен «Еркін пікір» пікірталас клубының отырысында «Нұр Отан» ХДП қалалық «Сарыарқа» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Владислав Сергеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, ереже бойынша мәслихатқа жастар бір жылдық мерзіммен сайланады. Астанада бұл сайлау ақпанның 27-сінен басталып, қаладағы барлық жоғары және арнайы оқу орындарында өтті. Депутаттық мандат 25 адамға белгіленсе, өз кандидатураларын 300-ден астам үміткер ұсынған. Аймақтарда сайлау сәуірдің 30-ы күні толығымен аяқталатын болады. «Еркін пікір» пікірталас клубының алғашқы отырысында - Қазақстан қалаларында жастар мәслихаттарының деңгейін арттыру, Астана қаласының жастар саясатында жастар мәслихатының рөлі, жас депутаттардың жастардың құқықтарын қорғау мүмкіндігі сынды тақырыптар көтерілді. Оған «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, Қазақстан Жастарының конгресі мен Қазақстан Студенттері альянсының өкілдері, сондай-ақ ҚР Парламенті Жастар Мәжілісі мен қалалық жастар мәслихатының жаңа құрамы қатысты. Кездесу соңында елорданы дамытуға бағытталған жастар мәслихатының қалалық мекемелерімен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді.