Бүгін - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні

АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 тамызда, яғни бүгін Қазақстан халқы Ата Заңымыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыдан 23 жыл бұрын қабылданған Конституция - мемлекет құрылымының ең маңызды құжаты болып табылады. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысқан еді. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция бүкіл Қазақстан жұртшылығының ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болды. Себебі, Конституцияны қалыптастыруға қазақстандық қалың жұртшылық тікелей қатыса отырып, республикалық референдумда қабылданды. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырды.

1995 жылғы Конституцияның одан екі жыл бұрынғы, яғни 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы - мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Президент саяси жүйенің басты тұлғасы болып, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.

Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр.

Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні болып жарияланған.