"Шымкент қаласына жақын жерде әскери-көлік ұшағының апат болуы салдарынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің әскери қызметшілерінің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2012 жылғы 27 желтоқсанда ұлттық аза тұту жариялансын" делінген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімінде.
Астана-Шымкент рейсін орындаған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ұшағы 25 желтоқсан күні ОҚО орталығының әуежайынан 20 шақырым жерде құлады. АН-72 ұшағының ішінде экипаждың жеті мүшесі мен 20 әскери қызметкер болды. Олардың барлығы қаза тапты.
Әуе апатының құрбандары арасында Шекара қызметінің басшысы, полковник Тұрғанбек Стамбеков және онымен бірге еріп жүрген ведомство орталық аппаратының офицерлер тобы, сондай-ақ «Оңтүстік» аймақтық басқармасының әскери қызметкерлері болды.
Соңғы мәліметтер бойынша, АН-72 ұшағының құлаған орнында қара жәшік табылған. Әуе апатының алдын ала себептері де аталды - адами фактор немесе ауа райының қолайсыз жағдайы. ҰҚК басшысы Нұртай Әбіқаев ұшақ жантая ұшып келе жатып, қыратқа соғылғанын мәлімдеді.
Төтенше жағдай фактісі бойынша ҚР ҚК 392-бабы (ұшулар және оған дайындық ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әуе апатының себеп-салдарын анықтау үшін Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков басқарған арнайы комиссия құрылды.
27 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жариялануына байланысты бүгін қазақстандық БАҚ-тарда ойын-сауық бағдарламалары мен жарнамалар көрсетілмейді. «Жарнама туралы» Заңға сәйкес ұлттық аза тұту күндері электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамаға тыйым салынған. Сондай-ақ көңіл көтеруге бағытталған теле және радиобағдарламалар тоқтатылады.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңға сәйкес, бүгін республиканың ведомстволық мекемелерінде Мемлекеттік тулар төмен түсірілді.