10:26, 24 Сәуір 2009
Бүгін Шиеліде Премьер-Министрдің қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі форум өтеді
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Қызылорда облысындағы Шиелі кентінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі форумы өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алқалы жиынды «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының қолдауымен Президент Әкімшілігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Форумның мақсаты ? БҰҰ-ның жаһандық шартының қағидаттарын және еліміздегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ілгерілету, сондай-ақ дағдарыстың салдарын еңсеру жағдайында әлеуметтік-еңбектік қатынастар саласындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамытудың стратегиялық бағдарларын анықтау. Форум аясында Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға арналған стендтердің көрмелері ұйымдастырылатын болады. Форум соңында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Форум жұмысына Үкімет мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдар мен облыстар әкімдіктерінің өкілдері, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың республикалық бірлестіктерінің жетекшілері, Қазақстандағы ірі бизнес құрылымдарының, халықаралық еңбек ұйымдарының, БҰҰ Даму бағдарламасының, Дүниежүзілік банктің, ЕҚЫҰ-ның өкілдері қатысады. Айта кетейік, бұл форум елімізде осымен екінші рет өткізіліп отыр. Біріншісі, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жезқазғанда ұйымдастырылған болатын.