Бүгін - Ұлы Отан соғысының басталған күні

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан тура 73 жыл бұрын, яғни 1941 жылдың 22 маусымы күні, шамамен таңғы сағат 4 кезінде фашистік Герман әскері КСРО-ның батыс шекарасына басып кірді. Осылайша тарихта ІІ Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы - Ұлы Отан соғысы басталды.

Гитлер 1939 жылы басталған ІІ Дүниежүзілік соғыста Батыс Еуропа елдерінің көбін жаулап алғаннан кейін, КСРО-ны басып алуға дайындыққа кірісті. 1940 жылы 18 желтоқсанда КСРО-ны қысқа мерзімде басып алу мақсатында дайындалған «Барбаросса» жоспарына қол қойды. Бұл жоспар бойынша Германия КСРО-ға қарсы негізінен үш бағытта шабуыл жасап, 8-10 апта ішінде соғысты аяқтау керек болды. Бірінші бағыт - Ленинград, екінші бағыт - Мәскеу, үшіншісі - Киев қалалары. Соғыстың түпкі мақсаты - социалистік ел КСРО-ны жою еді. 1941 жылы «Барбаросса жоспарын» жүзеге асыру үшін КСРО шекарасына 190 дивизия, оның 153 дивизиясы Германиядан, 5,5 млн адам, 47 мың зеңбірек, 4300 танк және 5 мың әскери ұшақ шоғырландырылды. Мұндай қарулы күшті жинақтау адамзат баласының тарихында бұрын-соңды болмаған. Кеңес үкіметі Фин соғысынан кейін ғана әскери күштерді қайта құрып, жаңа қару-жарақтармен жабдықтауға кірісе бастаған еді. Соғыс қарсаңында КСРО-ның әскер қатарында 5,3 млн адам болды. Батыс шекарада 2,7 млн. адам, 170 дивизия, 147 танк және 1510 ұшақ, 375 әр түрлі зеңбіректер болды. Осы кезде Кеңес Армиясының қатарын тазарту мен репрессия кең етек алды. Кеңес Армиясының қатарындағы 5 маршалдың үшеуі репрессияға ұшырап (М.Н.Тухачевский, В.К.Блюхер, А.И.Егоровтар), атылды. 1937-1938 жылдардағы репрессия барысында 40 мың әскер басшылары тұтқындалды. 1941 жылы соғыс басталарда әскери және саяси басшылардың 70-75%-ы жаңадан келген, тәжірибелері жоқ жас адамдар болды.

Сөйтіп, Германия әскері басып кірен 22 маусым күні Баренц теңізінен Қара теңізге дейінге аралықта орасан зор шайқас басталды. Жау соққысына бірінші болып шекарадағы 485 застава қарсы тұрды. Бұл застава Белоруссияның батысында орналасқан болатын. Жау күштерінің басымдығына қарамай, олардың бірде-біреуі бұйрықсыз өз орындарын тастап кетпестен, соңғы қарулары қалғанша шайқасты. Олардың бәрі қаза болды. Брест қаласының қорғанысы кеңес жауынгерлері ерлігінің жарқын мысалы болды. Жан-жақтан түгел қоршауда қалған олар азық- түліксіз, сусыз бір ай неміс-фашист әскерлерінің шабуылдарын тежеп тұрды. Олар: майор П.М.Гаврилов, капитан Зубачев, полк комиссары Е.М.Фомин, қазақстандық Ө.Жұматов пен Е.Фурсовтар еді. Кеңес әскерлері кескілескен табанды күрес жүргізе отырып, шегінуге мәжбүр болды.

22 маусым күні күндізгі сағат 12-де еліміздің барлық радиостанциялары Кеңес үкіметі атынан сөйлеген В.М.Молотовтың кеңес халқына үндеуін таратты. Үндеуде фашистік Германияның тосыннан соғыс ашқанын, оның түпкі мақсаты кеңес халқын құлдыққа көндіру екенін айта келіп, «Біздің ісіміз адал, жау жеңілуі керек, жеңіс біздікі» деп аяқтады. Елдің батыс бөлігінде соғыс жағдайы енгізілді. КСРО халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитеті 1941 жылы 29 маусымдағы мәлімдемесінде кеңес халқын еліміздің әрбір сүйем жерін қорғап қалуға, майдандағы әскерлерге жан-жақты көмек ұйымдастыруға шақырып, елдің бүкіл өмірін майдан мүдделеріне бағындыру керек екенін айтты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген үндеу бүкіл көпұлтты кеңес халқының жауынгерлік ұранына айналды.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы 24 маусымда 219 атқыштар полкі Литваның Шяуляй қаласында алғаш рет ұрысқа кірісті. Қазақстандықтар жау әскерлерімен Перемышев, Мурманск, Одесса, Севостополь, Сталинград түбіндегі, Украина, Белоруссия жеріндегі жанқиярлық қарсылығына қарамастан немістер соғыстың бастапқы кезінде үлкен басымдылыққа ие болды.

Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста шықты. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына Мәскеуге апаратын негізгі өзекті жолдың бірі - Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ Мәчкеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Габдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.

Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн. 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді.

Жүздеген мың қазақстандықтар ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталып, қазақстандық 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның ішінде шығыстың қос шынары атанған екі қыз - Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова болды. Төрт қазақстандық Т. Бигельдинов, С. Луганский, И. Павлов, Л. Беда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Рейхстагта Р. Қошқарбаев жеңіс туын тікті. Соғыстан кейін Батыр жұлдызы көрнекті әскер басшысы Б. Момышұлына берілді.

Ұлы Отан соғысында КСРО 27 миллион адамынан айырылды. 600 000-ға жуық қазақстандық майданда шейіт болды.