Бүгінде қазақстандық велоспорт өте нашар жағдайда - Валентин Рехерт

АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазіргі күнде велосипед спортының жағдайы өте нашар.

Бұл туралы бүгін Алматыда журналистермен өткен арнайы кездесу барысында ҚР Велоспорт федерациясының Бас хатшысы Валентин Рехерт мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа қызметіне кіріскеніне 1 ай болған жаңа хатшы өткен жылы Велоспорт федерациясы жасаған баяндамадағы: «барлық облыста велоспорт жақсы дамыған, 3,5 мың лицензиялық спортшылар бар, дайындау құрамында 200 жаттықтырушы қызмет жасайды» деген мәліметтерді жоққа шығарды. Ол «бүгінгі күні велоспорт барлық облыста емес, 3-4 облыста - Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Шымкент, Қызылорда облыстары мен жаңадан ашылған Талдықорған мектептері, сондай-ақ жаңа даму үстіндегі Павлодар облысында ғана қолға алынған. Спортшылардың саны санаулы, жаттықтырушылар көп болса 30-дай ғана», деді.

Ол сонымен қатар, «жаттықтырушылардың жалақысы 20-30 мың теңге екенін айта келе, олардың жағдайы түзелмей, велоспорттың жағдайы қалай көтерілмек», деп қынжылысын білдірді.

«Қазақстан велоспортының үлкен тарихи әлеуеті болды. Бірақ, біз соңғы жылдары оны жоғалтып алдық. 90-шы жылдары велоспорт құлдырап кеткен болатын, сол жылдарда біз көптеген шебер жаттықтырушыларымыз бен спортшыларымыздан айырылдық. Бірі бизнеске, бірі әр түрлі салаға кетті. Бүгінде олардың 3-4-еуі қалды. Велоспорт бюджеті 4,5 миллион теңгеге азайып, ол команданың жартылай дайындалуына ғана жетуде. Д. Ахметовтың келуімен велоспорт қайта жанданып, материалдық жағдайымыз түзеліп еді, бірақ ол жағдай ұзаққа созылмады. Біз алдағы уақытта жаңа велоспорт жүйесін жасап, «Астана» командасы мен Қазақстандағы велоспортты дамытуды, әсіресе жасөспірімдер арасында велоспортты дамытуды қолға алуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Валентин Рехерт.