16:53, 18 Наурыз 2009
Бүгінгі күнде Қазақстан халқының саны 16 миллион 402 мың 861 адамды құрап отыр ? ҚР Статистика агенттігі
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Елде санаққа ілікпей қалған азаматтарды тіркеу науқаны аяқталды. Қазақстан халқының саны бүгінде 16 миллион 402 мың 861 адамды құрап отыр. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігі бастығының орынбасары Нұрман Баянов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш ҚР Сыртқы істер министрлігі наурыздың 31-іне дейін ұсынатын шетелде жүрген қазақстандық азаматтардың санымен толығатын болады. Дегенмен, қайталанып жазылған бланкілерді анықтау, алып тастау мақсатында жүргізілетін сканерлеу жұмыстары аталмыш көрсеткішті тағы азайтуы мүмкін. Сондықтан, республика халқының нақты саны алдағы қыркүйек айында мәлім болады. Әзірше Статистика агенттігі 16 миллион 402 мың 861 адамның 50,4 пайызы қалада, 49,6 пайызы ауылда тұратынын, сондай-ақ оның 47,9 пайызы ерлер, 52,1-і әйелдер екенін анықтады. Алдын ала болжам бойынша ел халқының 67 пайызын қазақтар құрайды. Бірақ мұнда да нақты мәліметтер тек сканерлеуден кейін белгілі болады. «Бүгін республика бойынша барлық санақ орталықтарының жұмысы тоқтады. Сондықтан қандай да бір себептермен санақтан өтпеген азаматтар Статистика басқармаларының облыстық орталықтарына жүгінуіне болады. Онда санақ бөлімшелері тамыз айының соңына дейін жұмыс істейді», - деді ол.