Бүгінгі күннің басты мәселесі - дағдарысқа қарсы қаражаттарды тиімді пайдалану - академик С.Сатыбалдин

АТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Дағдарысқа қарсы шаралар үшін ұлттық қордың қаражаттарын пайдалану белгілі дәрежеде Қазақстан үшін экономикалық соққы мен тәуекелдерді жұмсартты. Бағдарламаның басты операторы болған «Самұрық-Қазына» қаражаттарды бөлуде үлкен жұмыстар атқарды. Бүгінгі күннің басты мәселесі - оларды тиімді пайдалану, деп санайды ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Сағындық Сатыбалдин.

Ол Ұлттық қорды құрудың бастамашысы Мемлекет басшысы болғанын еске салды. Сол жылдарда әртүрлі пікірлер көп болды, ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, Үкімет мүшелері, партиялардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері өз ойларын білдірді. Алайда Президент елдің болашақ ұрпағы үшін қаражат қорын жасақтау қажеттігі туралы өз дегеніне көндірді. Бірақ та қазіргі әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыс өзінің ауқымы жағынан күшті болғаны соншалық, әлемнің ең күшті мемлекеттерінің өзін шайқалтты. Осындай жағдайда Қазақстан Үкіметі Ұлттық қордың «қақпағын» ашуға шешім қабылдады. Дағдарысқа қарсы шараларға 10 млрд. АҚШ доллары бөлінді.

«Мұндай мүмкіндіктер біздің елде ғана болды, біз халықаралық несиелер мен шетелдік инвестицияларға иек артқан жоқпыз. Ұлттық қордан қаражат бөлу дұрыс әрі пәрменді қадам болды», - деп атап көрсетті экономист. Алғашқы әлемдік дағдарыс 1875 жылы басталған болатын. Бұл экономикалық құбылыспен күрестегі халықаралық тәжірибенің ішіндегі ең ұтымдысы, Елбасы бастамасымен қолға алынған «Жол картасы» болды. Бұл - жақсы идея. Мемлекет әлеуметтік нысандар құрылысына қаражат салуда. Бұл шаралар бір сәттік тиімділік беретін емес, ұзақмерзімді инвестициялар», - деп атап өтті ғалым.  

 «Жұртшылық бұл туралы білуі тиіс. Бұл қаражаттар бағытталған экономиканың барлық салаларының өкілдері бөлінген қаржылар қайда және қалай жұмсалғаны туралы  БАҚ-тарда жариялы түрде есеп беруі тиіс», - деп санайды С.Сатыбалдин. Оның айтуынша, 2007 жылы әлемдік азық-түлік дағдарысы басталғанда біздің мемлекет 4 млрд. АҚШ  долларын бөлді. Бірақ та ол қаржы қалай тиімді пайдаланылғаны туралы қоғам хабардар болған жоқ.

«Біз мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейтуіміз қажет. «Нұр Отан» ХДП құрылымында партиялық бақылау органдары құрылды, мұндай құрылым ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі партия фракциясы жанында да жұмыс істейді. Бұл партия мүшелерінің жақсы бастамасы. Дегенмен олар бұрынғыдан да пәрменді жұмыс жасаулары тиіс.  Жұмыстың тиімділігін бұрынғыдан да арттыру үшін олардың өкілдігін кеңейту қажет», - деп атап өтті ғалым.

Академиктің пікірінше, дағдарыс жағдайында Үкімет ішкі ресурстарды неғұрлым белсенді пайдалануға тиіс. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 105 млрд. теңге көлеміндегі бюджеттік қаражат игерілмей қалды, мұндай жолсыздықтарға тоқтау салу қажет. «Бюджеттік тәртіпті арттыру және мемлекеттік шенеуніктер тарапынан жауапкершілікті арттыру жөнінде көп айтылып жүр. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, бұл қаражаттардың дер кезінде игерілуіне бақылауды қатайта түсуі тиіс», деп санайды ҚР ҰҒА академигі.  

ҚазАқпарат анықтамасы: С.Сатыбалдин - танымал қазақстандық ғалым, экономист, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик. Соңғы 15 жылда жарық көрген қазіргі заманғы әлемдік және қазақстандық экономика жөніндегі көптеген монографиялар мен кітаптардың авторы. Олардың арасында «Азияның айдаһарлары мен жолбарыстары», «Азиялық дағдарыс: себептері мен сабақтары» монографиялары бар. 1996 жылы «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының толық мүшесі болып сайланды. АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Пәкістанның жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында ғылыми тағлымдамадан өтті. Оның жұмыстары АҚШ-та, Қытайда, Жапонияда, Англияда жарияланды. С.Сатыбалдин қаржылық және басқарушылық есеп проблемаларының теориясы мен практикасы негіздерін жасаушы және авторы. Академиктің ғылыми жетекшілігімен 52 кандидаттық және 10 докторлық диссертация қорғалды.