генерал-полковник, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Сәт Тоқпақбаев ҚазАқпарат тілшісіне Елбасының мақаласында көтерілген мәселелер бойынша ойларын ортаға салып, жедел түрде өз пікірін білдірді.
- Сәт Бесімбайұлы, Елбасының әлемде ядролық қауіпсіздікке қол жеткізу мақсатын ұстанған мақаласынан қандай ой түйдіңіз? Атом сынағының адам баласына тигізіп отырған залалы туралы не айтасыз?
- Атом қаруын сынау - ХХ ғасырдың ортасында елімізге, халқымызға келген бір зұлымдық. 1949 жылдан 1962 жылға дейін Семей сынақ аймағында 115 атомдық қарудың жарылысы жасалған! Соның ішінде 30-ы ауада жарылған! Қалған сынақтар жердің астында жүргізілген. Бұрынғы Кеңес одағының жүйесі біздің жеріміз бен халқымызды, төрт түлік малдарымыз бен аң-құстарымызды түгелдей тәжірибе жасауға алынатын үй қояны секілді атом жарылысының астында ұстаған. Ұлы ақындарымыз Абай, Шәкәрім, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтер және басқа да қазақтың зиялы қауым өкілдері туып-өскен киелі өңірдің тас-талқанын шығарды. Таулар дүр сілкініп, жазиралы алқаптар улы далаға айналды. Бабалар қорымындағы ғасырлар бойы тұрған күмбезді зираттар, құлпытастар түгел қирап қалды. Ол кезде мұның бірін де газетке жазу түгілі, ешкімге айтуға болмайтын, бір дерек шыға қалса, қатал жазалайтын жүйе болды.
Семей сынақ аймағында алғашқы жарылыс жасалған 1949 жылдан бері 60 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін оның зардабы біткен жоқ! 20 жылдан бері сынақ жүргізілмесе де, осы күнге дейін балалар анасынан мүгедек болып туып жатыр. Себебі ананың қаны да, әкенің қаны да уланған. Жердің бәрі күйіп кетті. Уланған жер қаншама? Сынақ аймағының алып жатқан жер аумағы көлемі жағынан Бельгия секілді елдер территориясының екеуіндей. Радиациялық у жерге, суға, тасқа сіңіп кеткен. Ол жерге жеміс-жидек өсіруге болмайды. Енді ғана аз аумақтың топырағын ауыстыру жұмыстары жүргізіле бастады. Биыл бір мың гектардай жерді тазалап, өнім алу үшін пайдалануға берілмек.
Сол кездерде өзім де барып көрдім. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабында суреттелетін жазиралы, көк майсалы жер көктемде жап-жасыл болады да атом жарылысының алапат отынан күйіп кетеді. Әйтпесе, Семей ыстық өңір емес, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары секілді қоңыр салқынды төскейде орналасқан ғой.
- Қасиетті Семей өңіріндегі Жер-Ананың дертін қалай жазуға болады?
- Сәуірдің 6-сы күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза Шығыс Қазақстан облысындағы Семей ядролық полигонына өзі барып, сынақ аймағындағы күйіп кеткен даланы, болған қасіреттердің фотосуреттерін, бейнетаспаларын көріп, тебіреніп тұрып сөз сөйледі. Жантүршігерлік жарылыстар өткенін жүрегімен сезіне білді. Қазақстанда болған атом қаруының зардаптарын әлемге жеткізді. Отандық БАҚ-тармен қатар әлемнің әйгілі ақпарат агенттіктері, газеттері мен радио және телеарналары БҰҰ Бас хатшысының сөзін дүние жүзіне таратты. «Қазақстан ядролық қарусыздануда ерекше артықшылығын аңғартуда. 1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың Семейдегі ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартуы үлкен ерлік. Бұл қадам көрегенділік, нағыз тәуелсіздікті жариялау»,- деді Пан Ги Мун.
Сонымен қатар мәртебелі мейманның: «Мен барлық мемлекет басшыларын, оның ішінде ядролық державалардың басшыларын, Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын! Рухтану үшін олар Қазақстанның үлгісін байқауы керек»,- дегені елімізге берген үлкен бағасы деп білемін.
Бізге Пан Ги Мун мырзаның келгені өте маңызды екені анық. Осы уақытқа дейін біз қанша айтсақ та, өзге елдің адамдары «Семей сынақ аймағында соншама қайғыратындай ештеңе жоқ шығар» деген ойда болып келді. Оған көкейкесті мәселе деп қараған жоқ. Енді жойқын қарудың қаншама зардап әкелетінін тіптен біле түсетін болады.
Сәуірдің 12-13-і күндері Вашингтонда өтіп жатқан саммитте ядролық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шығарылып отыр. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанда көріп, көңіліне түйгенін ортаға салады деп жоспарланып отыр. Бұл басқосуға әлемнің 50 елінің басшылары қатысады. Баяндама жасайтын алдыңғы бес басшының бірі - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Президентіміз осы алқалы басқосуда дүние жүзіне атом қаруынан бас тарту жөніндегі өз үндеуін жария етеді.
Сол маңызды жиында атом қаруын сынаудан зардап шеккен Семей сынақ аймағын қалыпқа келтіруге байланысты нақты ұсыныстар айтылады деген үмітіміз бар. Бір кезде құнарлы өлке болған Абыралы аумағының топырағын тазартуға инвестиция бөлінсе, сол өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жол ашылар еді, үлкен қолдау болар еді.
Мәселен, 1945 жылы Жапонияның Хиросимо мен Нагасаки қалаларына тасталған атомдық бомбаның жарылысынан жер бедері өртеніп, уға бөгіп қалды. Содан бері радиация зардабына ұшыраған жерлерді қалыпқа келтіру үшін бірнеше жыл бойы Жапония Үкіметінің өзі қаншама қаржы бөлді, дүние жүзінен қаншама инвестиция берілді?! Уланған жерлерді тазалады.
Салыстыру үшін айтсақ, ұлы Абай туған өңірде барлығы 456 ядролық сынақ өткізілсе, олардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе артық екен.
- Атом қаруына қарсы тұрудағы Қазақстанның рөлі туралы айтып өтсеңіз?
- Семей өңірінде соңғы ядролық сынақ 1989 жылғы қазанның 19-ы күні болды. Елбасының күш салуымен, халықтың қарсы тұруымен және ядролық сынақтарды тоқтату үшін ақын Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» қозғалысының белсенді қызметінің арқасында 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-і тоқтатылды!
1991 жылы тамыздың 29-ы күнгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ аймағы жабылды. Бұл әлем бойынша атом қаруын ауыздықтауға жасалған алғашқы қадам болды! Ол - еліміз тәуелсіздік алмай тұрған кездің өзінде Елбасының жасаған тарихи шешімі! Осындай Жарлық шығару азаматтық позицияны ұстанып, алдағы кезеңге көрегендік жасап, ел үшін тәуекелге бару қажеттігін, ержүректік керек екенін көрсетеді. Келесі жылы тамыздың 29-ы күні Семей сынақ аймағының жабылғанына 20 жыл толады.
Көптеген елдердің танымал қайраткерлері, ғалымдары, ақын-жазушылары баспасөз беттерінде мақала жазып, телеарналарда сөз сөйлеп, Қазақ елі Президентінің осы қадамын дүние жүзі бойынша ерекше саяси маңызды оқиға ретінде атап жүргені анық. Елбасы әр сөзінде ядролық жарылыстың адамзатқа қарсы бағытталған, алапат қасірет әкелетін қару екенін, оны тоқтату керектігін айтып келеді. Бір қуанатынымыз, бүгінгі таңда ядролық қауіпсіздік мәселесінде Қазақстан Президентінің жақтастары күн санап көбейе түсуде! Әлемнің әр еліндегі бейбітсүйгіш тұрғындары Елбасымыздың үндеуіне қолдау жасауда.
- Ядролық қауіпсіздік мәселесі алдағы уақытта қандай бағыт алуы мүмкін?
- Әуелі бір мәселеге тоқталып кетейін. Біздің ел ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Кейде мұның мағынасын терең түсінбеген кейбір азаматтар: «Өзгелерді мойындату үшін қажетті ядролық қарудан неге айырылып қалдық? Алпауыт елдер өздерінде сақтап отыр әрі дамытып жатыр емес пе?» деп пікір айтады. Бұл теңіздің тереңіне бойламай, астында не бар екенін долбармен айтқан адамның сөзі іспеттес. Халқымыз «Сотқар шоқпар жинайды» дейді ғой.
Сондықтан Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы да Елбасының үлкен ерлігі мен көрегендігі. Бұл елдің адамзат дамуын қорғаудағы, денсаулығын сақтаудағы нақты қадам. Елімізде орнаған бейбітшіліктің арқасында 18 жылдың ішінде Қазақстан ТМД елдерінің алдыңғы қатарында болып, экономикалық табыстарға қол жеткізді. Елбасы алғашқы кезден бастап бірінші кезекте экономика, одан кейін саясат тұратынын айтты. Өйткені экономиканың дамуы дегеніміз - халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы, елдің өркендеуі.
Жуырда Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев пен АҚШ Президенті Барак Обама Прагада атом қаруын азайту мақсатындағы маңызды құжатқа қол қойды. Келісімге сәйкес Ресей және АҚШ елдері атом қаруларын 1500-ге дейін азайтты. Бұл да өте маңызды бастама. Оған атом қаруы бар өзге елдер де қосылып, ядролық қауіпсіздікке қол жеткізсек, келешек ұрпақ алдындағы басты парызымыздың орындалғаны деп ойлаймын.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзадан кейін, Курчатов қаласына МАГАТЭ ұйымының өкілдері барып, «Атом қаруын жасайтын құрал-жабдықтар жоқ па?» деп тексеру жұмыстарын жүргізді. Оның бәрі бекер емес, апта басында өткелі тұрған Вашингтон саммитінде Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш ел екенін, іргелі істер атқарып жатқанын әлемдік қауымдастық алдында мәлім ететін болады. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіләлемдік ядролық атом қаруына қарсы күрестегі қозғалыстың басшысы болуға шақырды. Себебі моралдық, этикалық құқық тек біздің Елбасыда бар екенін, халықты қиындықтан шығарып, бейбітшілікке бастап келе жатқанын айтты.
Бұрын Кеңес одағының құрамында болған кезімізде Қазақстан Республикасын шетелде ешкім де білмейтін еді. Тіпті Германия мен КСРО арасында өткен, біз Ұлы Отан соғысы деп атап жүрген шайқасты кейбір тарихшылар «немістер мен орыстардың соғысы» деп жазып жүр. Ол соғысқа Кеңес одағының құрамында болған барлық республика тұрғындары, көптеген ұлттардың өкілдері қатысып, «Отан үшін!» деп ерлікпен көз жұмды.Елбасының әлемде бейбітшілік орнату жолындағы бастамалары мемлекет қайраткері ретінде тек өзін ғана емес, дүние жүзіне біздің елімізді, қазақ халқын танытты. Биыл еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отыр. Бұл ұйымның негізгі мақсаты - қауіпсіздікті сақтау, бейбітшілікті қорғау, дүние жүзіндегі ушығып тұрған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету.Ойымды қорыта келе айтарым, ядролық қаруды тоқтату, әлем қауіпсіздігін қорғау мақсатында Қазақстан әлемдік қауымдастықта үлкен абыройға ие болады деген сенімім мол.
- Кешенді мәселе бойынша келелі ойыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.