Бүгінгі тыныштығымыз, тұрақтылығымыз, береке-бірлігіміз зор бақыт - Б.Смағұл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі тыныштығымыз, тұрақтылығымыз, береке-бірлігіміз зор бақыт. Бүгін «Мәңгілік ел - болашағы біртұтас ел» республикалық патриоттар форумы аясында сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл осылай деді.

«Қалай болғанда да бүгінгі таңдағы патриоттық форумның орны орасан зор, ерекше. Әсіресе, өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татқан ауған ардагерлері үшін біздің бүгінгі тыныштығымыз, тұрақтылығымыз, береке-бірлігіміз зор бақыт. Елбасымыз өзінің бір сөзінде былай деген еді: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, бойыңдағы азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің өсіп-өркендеуі жолыңда теріңді төгіп қызмет ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа».

Сонымен қатар өз өзінің жас ұрпаққа айтар сөзін өлең шумақтарымен білдірді.

«Әй, келер ұрпақ!

Бал арасы бал береді, шағатынын ұмытпа.

Ит соңыңнан ереді, қабатынын ұмытпа.

Асау ат та көнеді, тебетінін ұмытпа.

Өмір бірақ келеді, сөнетінін ұмытпа.

Ұмытпа қалқам, ұмытпа.

Көп дүниені таптым деп, дүние соңында құнықпа.

Көп дүниені таптым деп, досыңның көңілін суытпа.

Мың жасаған Ұлықпан да салмаған жанын құлыпқа.

Тәуелсіз елге тірек бол белді бекем буып та.

Білімнің қайнар көзі бол кіршіксіз таза тұнық та.

Түңілсең де түкірме, өзің ішкен құдыққа.

Байлық басып тұрса да, басыңды тықпа былыққа.

Тексіздің түбі бетсіздік, ұқсағанмен ұлыққа.

Жайқалып өсер бәйтерек күтімі болса шыбық та.

Ұлтыңның арын ұлықта, құлқынның қамын құрықта.

Сылтау іздеп сыныққа, шұбарлап тілді шұбыртпа.

Жарқырап жанған шығыста

Абайдың тілін ұмытсақ, жатама адамшылыққа.

Ар-ұят асыл қазынаң, салт-дәстүр, әдет-ғұрып та.

Барша ұлттардың өкілі байырғы қазақ елінде

Айналсын туған-туысқа», - деп аяқтады сөзін Мәжіліс депутаты.