Бүгіннен Астананың ХҚО-ларында кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын түсіндіру жұмыстары басталады

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - 7 маусымнан бастап Астана қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысу шарттарын түсіндіру бойынша елордалық кәсіпкерлерге арналған кеңестік қызметтер көрсетіле бастайды.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында елордада 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылуда.

Оның басты мақсаты экономиканың шикізат емес секторында жергілікті кәсіпкерліктің орнықты және тұрақты өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру және сақтап қалу болып табылады.

«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша:

- несиенің 7 пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау,

- кепілдеме түріндегі қосымша кепіл,

- өндірістік инфрақұрылымды тегін жүргізу,

- 3 млн. теңгеге дейін инновациялық грант ұсыну,

- біліктілікті арттыру және іскерлік байланыстарды орнату,

- бизнес жүргізу бойынша тегін консалтингілік қызмет алу.

Бүгінгі күні Бағдарлама орнықты өсу қарқынын алуда және кәсіпкерлік саласын қолдаудың пәрменді тетігі болып табылады, бұған оның шеңберінде қолдау алған жобалардың саны куә.

Осылайша, Бағдарлама жүзеге асқан кезден бастап жалпы сомасы 11,7 млрд. теңгеге 67 жоба мақұлданды. Өңдеуші өнеркәсіп саласында 26 жобаға, көлік қызметі саласында - 10, денсаулық сақтау саласында - 5, білім беру саласында - 8; қонақжай бизнесі саласында - 10 және басқа қызмет салаларында 8 жобаға қолдау көрсетілді.

Жаңа 9 кәсіпорын ашылып, 800-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

Бағдарламаның осындай қарқынын ескере отырып, қазіргі кезде «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасы шеңберінде ұсынылатын мемлекеттік қолдау шарттары мен түрлеріне қызығушылық танытқан азаматтар ағыны артуда. Күн сайын Астана қаласының әкімдігіне кеңес алу үшін 30-ға жуық азаматтар келеді, бұл ретте олар мемлекеттік мекемелерге кіру үшін қатал рұқсатнама жүйесі, лауазымды тұлға қабылдауына алдын-ала жазылу, кеңес алу үшін ұзақ уақыт күту тәрізді мәселелермен кездеседі.

Осындай әкімшілік тосқауылдарды болдырмау мақсатында қолжетімділікті қамтамасыз ету, халықты толықтай ақпараттандыру және кәсіпкерлік субъектілерінің іскерлік белсенділігін арттыру үшін бүгінгі күннен бастап Астана қаласы әкімдігі Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетімен бірлесе 2 қалалық Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тегін кеңес беру жұмысы ұйымдастырылды. Олардың мекен-жайы: «Сарыарқа» ауданы, Республика даңғылы,43; сол жағалау, «Есіл» ауданы, Сауран көшесі,7.

Бұл Астана қаласындағы ілкі жоба болып табылады, болашақта мұндай жоба еліміздің барлық аймақтарында енгізілуі мүмкін.

ХҚКО-на күн сайын елорданың 2,5 мыңға жуық тұрғындарының баратындығын есепке ала отырып, бұл жұмыстың ұйымдастырылуы халық және кәсіпкерлер үшін маңызды қолдау болады. Тұрғындардың ыңғайына қарай, жұмыс уақыты аптасына 6 күн, сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін болады, бұл ХҚКО-ның жұмыс кестесімен сәйкес келеді.