Астананың ел экономикасындағы салмағы қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Осыдан тура 28 жыл бұрын 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өткен болатын. Содан соң 8 жыл бойы Астана күні мерекесі осы датада тойланды. 2006 жылдан бастап бас қала күні ресми түрде 6 шілдеге ауыстырылды.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Астана ел экономикасының неше пайызын береді?

1998 жылы елорданың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі небәрі 3,49% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11,9%-ға жетті. Соңғы 27 жылда Астананың экономикадағы салмағы 3,4 есе өскен. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін әрбір сегізінші теңге елордада қалыптасады. 
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық белсенділік негізінен Алматы қаласы мен мұнайлы өңірлерде шоғырланған еді. Мысалы, 1998 жылы Алматының ЖӨӨ-дегі үлесі 17,9%, Атырау облысының үлесі 13,6% болды. Ол кезде Астананың үлесі небәрі 3,49% еді. Арада ширек ғасыр өткенде жағдай түбегейлі өзгерді. Бүгінде Алматы республика экономикасының 23,4%-ын қалыптастырса, Астана 11,9%-бен екінші орынға көтерілді. Атырау облысының үлесі 10,4% болып отыр.

Инвестицияның әр оныншы теңгесі Астанаға келеді

Экономикалық өсім инвестиция көлемінен де анық көрінеді. 2025 жылы Қазақстанда негізгі капиталға 23,49 трлн теңге инвестиция салынды. Оның 2,515 трлн теңгесі Астанаға тиесілі. Бұл республикадағы барлық инвестицияның 10,7%-ы деген сөз. Басқаша айтсақ, елдегі негізгі капиталға салынған әрбір оныншы теңге елордаға бағытталған.

Инвестиция тарту көлемі бойынша да Алматы қаласы көш бастап тұр. Былтыр мегаполиске 2,548 трлн теңге инвестиция салынып, республикадағы үлесі 10,8% болды. Екінші орында Астана (2,515 трлн теңге, 10,7%), үшінші орында Атырау облысы (1,849 трлн теңге, 7,9%), одан кейін Түркістан (1,830 трлн теңге, 7,8%) және Қарағанды облысы (1,445 трлн теңге, 6,1%) келеді.

Инфографика: Kazinform

Құрылысқа бағытталған әрбір жетінші теңге Астанада игеріледі

2026 жылдың қаңтар-мамырында республикада 2,401 трлн теңгенің құрылыс жұмыстары орындалса, оның 359,2 млрд теңгесі елордаға тиесілі болды. Бұл республикалық көлемнің 14,9%-ын алып тұр. Демек, Қазақстандағы құрылыс жұмыстарына жұмсалған әрбір жетінші теңге Астанада игерілген.

Құрылыс көлемі бойынша кейінгі орындарда Алматы қаласы (271,0 млрд теңге, 11,2%), Атырау облысы (172,0 млрд теңге, 7,1%), Қарағанды облысы (159,5 млрд теңге, 6,6%) және Түркістан облысы (134,2 млрд теңге, 5,6%) орналасқан.

Тұрғын үй құрылысы да жоғары қарқынмен жалғасып жатыр. Биылғы қаңтар-мамыр айларында Астанада 1,564 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алматыда осы кезеңде 1,179 млн шаршы метр, Алматы облысында 486,4 мың, Шымкентте 476,6 мың, Түркістан облысында 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Көтерме де, бөлшек саудада да — екінші орында тұр. 

Астана бүгінде республиканың ең ірі сауда орталықтарының біріне айналды. 2025 жылы Қазақстандағы көтерме сауда көлемі 53,5 трлн теңге болды. Оның 8,8 трлн теңгесі немесе 16,4%-ы Астанаға тиесілі. Яғни республикадағы көтерме сауда айналымындағы әрбір алтыншы теңге елордада айналып жүр.

Көтерме сауда бойынша көш басында Алматы қаласы (36,2%) тұр. Кейінгі орындарда Астана (16,4%), Атырау облысы (12,3%), Қарағанды облысы (6,1%) және Шымкент қаласы (5,4%) орналасқан. 

Бөлшек саудада да жағдай ұқсас. Республикадағы бөлшек сауда көлемі 26,4 трлн теңгеге жетсе, оның 3,8 трлн теңгесі, яғни 14,3%-ы Астанаға тиесілі. Алғашқы бестікке Алматы (33,7%), Астана (14,3%), Қарағанды облысы (7,1%), Шығыс Қазақстан облысы (5,3%) және Шымкент қаласы (5,1%) кіреді. Қазақстандағы бөлшек саудадағы әрбір жетінші теңге Астанада деген сөз.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Байланыс пен қызмет көрсету экономикасының ірі орталығы

2025 жылғы 1 желтоқсанда елордада 187,7 мың телефон желісі тіркелген. Оның 129,6 мыңы халыққа тиесілі. Цифрлық телефон станцияларына қосылған желілер саны 187,7 мың, оның ішінде халық пайдаланатын желілер – 129,6 мың.

Астанада 429 мың интернет абоненті тіркелген. Оның 424,1 мыңы сымды интернетті пайдаланады. Жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетке қосылған абоненттер саны 429 мыңға жеткен.

2025 жылы елордада баспана ұсыну және тамақтану қызметтері саласында 349 млрд теңгенің жалпы қосылған құны өндірілді. Бұл республикадағы осы саланың 35,1%-ы деген сөз. Яғни Қазақстандағы қонақүй, тамақтандыру қызметтерінен қалыптасатын әрбір үшінші теңге Астананың үлесіне тиесілі.

Ақпарат және байланыс саласында Астананың рөлі бұдан да жоғары. Былтыр бұл секторда 1,095 трлн теңгенің жалпы қосылған құны өндіріліп, республика көлемінің 30%-ын қамтамасыз етті. Басқаша айтқанда, Қазақстандағы ақпарат және байланыс саласында өндірілетін әрбір үшінші теңге елордада қалыптасады. Қаржы және сақтандыру қызметтері саласында да Астананың үлесі айтарлықтай жоғары. 2025 жылы бұл бағыттағы жалпы қосылған құн 775,4 млрд теңге болып, республикалық көлемнің 13,3%-ына жетті.

Қазақстандағы әрбір бесінші кәсіпорын Астанада тұр

Елорданың экономикадағы белсенділігі кәсіпкерлік көрсеткіштерінен де анық байқалады. 2025 жылы Астанада 79,7 мың жұмыс істеп тұрған заңды тұлға болды. Бұл республикадағы 436,9 мың жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаның 18,2%-ы. Елде жұмыс істеп тұрған әрбір бесінші кәсіпорын елордада деуге болады.

Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың ішінде 78,8 мыңы — шағын кәсіпорын, 553-і — орта, 373-і — ірі кәсіпорын. Бұл Астана экономикасында шағын және орта бизнестің басым екенін көрсетеді. 1999 жылы елордада небәрі 4,6 мың жұмыс істеп тұрған заңды тұлға болса, 2025 жылы олардың саны 79,7 мыңға жеткен. Осылайша, кәсіпорындар саны 17 еседен астам өсті.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Жалақы деңгейі бойынша — республикада екінші

2025 жылы Астанада бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 595,9 мың теңге болған. Бұл көрсеткіш бойынша елорда Атырау облысынан кейінгі екінші орында тұр. Жалақы деңгейінің жоғары болуы мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық компаниялардың, қаржы ұйымдарының, халықаралық құрылымдардың және жоғары қосылған құн қалыптастыратын қызмет көрсету салаларының шоғырлануымен байланысты. 

Елорданың экономикасы қалай өзгерді?

1998 жылдан бері Қазақстан экономикасында өндірілетін әрбір отызыншы теңге ғана Астанаға тиесілі еді. Бүгінде бұл көрсеткіш әрбір сегізінші теңгеге дейін өсті. Республикадағы инвестицияның 10,7%-ы, құрылыс жұмыстарының 14,9%-ы, көтерме сауданың 16,4%-ы, бөлшек сауданың 14,3%-ы, тұру және тамақтану қызметтерінің 35,1%-ы, ақпарат және байланыс саласының 30%-ы, қаржы және сақтандыру қызметтерінің 13,3%-ы, жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың 18,2%-ы Астанаға тиесілі. Бұл көрсеткіштер елорданың бүгінгі таңда тек саяси және әкімшілік орталық емес, Қазақстан экономикасындағы негізгі өсім нүктелерінің біріне айналғанын көрсетеді. 

Бұған дейін Токио мері Юрико Коикэ Астана Жапон елінің астанасынан қандай озық тәжірибені өзіне бейімдей алатынын айтқан болатын.