Бүкір киттердің 14 мың шақырымнан астам қашықтықтағы миграциясы алғаш рет расталды

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық зерттеушілер тобы алғаш рет өркешті киттердің Аустралияның шығыс жағалауындағы көбею аймақтары мен Бразилия арасындағы көші-қонын тіркеді. Әңгіме ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ашық мұхит арқылы өтетін миграция туралы болып отыр, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.

Фото: Уйкипедия

Ғалымдар әр жылдары Аустралия мен Бразилия жағалауларында байқалған екі китті сәйкестендіре алды. Ол үшін зерттеушілер соңғы 40 жылда жиналған құйрық жүзбеқанаттарының фотосуреттерін салыстырған.

Киттердің бірі 2007 және 2013 жылдары Аустралиядағы Херви-Бей шығанағында байқалған, ал 2019 жылы қайтадан Бразилияның Сан-Паулу штаты жағалауынан анықталған. Осы уақыт ішінде жануар кемінде 14 200 шақырым жүзіп өткен.

Екінші кит алғаш рет 2003 жылы Бразилия жағалауында тіркелсе, 20 жылдан астам уақыт өткен соң, 2025 жылы Аустралия жағалауынан байқалған. Оның жүзіп өткен бағыты шамамен 15 100 шақырым болған. Бұл — бір бүкір китке қатысты расталған екі бақылау арасындағы рекордтық қашықтық.

– Бұл киттерді ондаған жыл айырмашылықпен, әртүрлі адамдар және екі мұхит бөліп тұрған әлемнің қарама-қарсы бөліктерінде суретке түсірген. Соған қарамастан біз олардың қозғалысын қадағалай алдық, – деді зерттеудің тең авторы, Гриффит университеті аспиранты Стефани Стэк.

Зерттеушілер 19 мыңнан астам құйрық жүзбеқанаты суретін талдау үшін бейнелерді автоматты түрде тану жүйесін пайдаланған. Кейін сәйкестіктер қолмен тексерілген.

Ғалымдардың бағалауынша, мұндай көші-қон өте сирек кездеседі және сәйкестендірілген киттердің шамамен 0,01 пайызына ғана тән. Алайда бұл популяциялардағы генетикалық әртүрлілікті сақтауда және киттердің ән салу үлгілері секілді мінез-құлық ерекшеліктерін таратуда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Алынған нәтижелер «оңтүстік мұхиттық алмасу» деп аталатын гипотезаны растайды. Оған сәйкес, әртүрлі популяциядағы киттер Антарктикадағы қоректену аймақтарында кездесіп, араласып, жаңа көші-қон бағыттарын меңгере алады.

Ғалымдар сондай-ақ Оңтүстік мұхиттағы климат өзгерістері, атап айтқанда теңіз мұзының жылжуы мен крильдің таралуының өзгеруі осындай алыс миграциялардың жиілеуіне ықпал етуі мүмкін деп болжайды.

Зерттеу нәтижелері Royal Society Open Science журналында жарияланды.

Еске сала кетсек, наурызда Германия жағалауында бүкір кит қайраңда қалып қойғанын жаздық. Кейін шамамен екі айға созылған құтқару операциясынан кейін кит Тимми тірі қалып, Солтүстік теңізге жөнелтілді.