Бұқтырмада негізгі көпірді салуға қажет уақытша көпір тұрғызылды

Видеодан алынған кадр
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасында негізгі көпірді салуға қажет уақытша көпір тұрғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстандағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынып жатқандығы белгілі.

Екі жолақты автокөлік көпірінің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады деп жоспарлануда. Бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болмақ.

Қазір негізгі көпірді салуға қажетті уақытша көпір тұрғызылған. Әлеуметтік желіде тараған видео авторының айтуынша, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жоба бойынша көпір құрылысының ұзақтығы - 39 ай.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп көзделген.

Еске салсақ, 2022 жылдың соңында Бұқтырма арқылы өтетін көпір құрылысына қосымша 20 млрд теңге қаралатыны хабарланған.