Бурабайда жылу электр орталығы салынып жатыр - Нұрсұлтан Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Бурабай курорттық аймағында сұхбат берген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында курорттық аймақ инфрақұрылымының айтарлықтай жақсарғанына тоқтала келе, қазіргі кезде ұлттық саябақ Президенттің іс басқармасының қарауында екенін атап өтті.

«Бұрындары барлық ауыз су жергілікті көлдерден алынған болатын, сондықтан ондағы су деңгейі төмендей бастады. Сол себепті Сергеев су қоймасынан су құбырын жүргізу міндеті қойылды. Қазір көлдерден су тарту тоқтатылып, су деңгейі қалпына келді», - дей келе Президент Бурабай демалыс аймағының инфрақұрылымын дамытудағы екінші және үшінші міндеттерді атады.

«Екінші міндет - өңірдің ғажап табиғатын ластамас үшін орталықтандырылған жылу берумен қамтамасыз ету. Осы мақсатта жылу электр орталығы салынуда. Біздің алдымызда тұрған үшінші міндет - су қоймалары мен ормандарды ластанудан сақтайтын тазарту құрылғыларын орнату", - деді Елбасы.