«Бұрғылау» ЖШС жұмысшыларының мәселесі Маңғыстау облысы әкімінің тікелей қадағалауында отыр

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Жиырмасыншы наурыздан бері ереуілге шығып, аштық жариялап жатқан «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары мен кәсіпорын басшылары арасындағы мәселені облыс әкімі Қ.Көшербаев өз қадағалауында ұстап отыр.

Тараптардың ымыраға келуіне мүдделі облыс басшылығы жұмысшылардың талаптарының орындалуына күш салуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 22 наурыз күні ұжым өкілдерімен кездескен облыс әкімі мәселені шешу жолдарын қарастырды. Ереуілшілердің негізгі талабы ? «Бұрғылау» ЖШС-нің «ҚазМұнайГаз» Б.Ө.» АҚ-ның меншігіне сатып алынуы. Осыған сәйкес, облыс әкімі «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына хат жолдап, ұжымның осы талабын қарастыруды талап етті. Ұлттық компания басшылығынан келген жауапқа сәйкес, «Бұрғылау» ЖШС-ін Ұлттық компания меншігіне қайта алу үшін мекеменің меншік иелері мен Ұлттық компания акционері «Самұрық-Қазына» қорының келісімі керек. Ал, сатып алу үрдісі күрделі, әрі ұзақ уақытты талап етеді. Одан бөлек, Ұлттық компания ЖШС-нің жұмысын жандандыру үшін халықаралық беделді инжиниринг компаниялардың бірімен альянс немесе бірлескен кәсіпорын құруды ұсынады. Сонымен бірге, облыс әкімдігінің талабы бойынша Ұлттық компания мен серіктестік арасында 2009-2011 жылдарға арналған жұмыс ауқымымен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру туралы меморандумға қол қойылмақ. 2007 жылы «Бұрғылау» серіктестігі жеке меншікке сатылып, бәсекелі ортаға берілген болатын. Бүгінгі таңда дағдарысқа байланысты жұмыс ауқымы азайған серіктестік биыл 55 ұңғы қазу және 130 ұңғыға күрделі жөндеу жүргізуді қамтитын мердігерлік тапсырысқа қол жеткізіп отыр. Бұл былтырғы жұмыс көлемінің 83 пайызы. «ҚазМұнайГаз» Б.Ө.» компаниясы мұнай бағасы тұрақтаған жағдайда жұмыс көлемін ұлғайтатынын білдірген. «Бұрғылау» ЖШС-дегі орташа еңбекақы 127 мың теңге.