«Қазақтар бүгінде өздерінің ежелгі дәстүрі – құстармен аң аулауды жалғастыруда. Аңшылықтың бұл түрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ мәдениетінің мақтанышы болып қала береді», - делінген шетелдік ақпарат көзінде.
3000 жылдық тарихы бар дәстүр Қазақстанда бірқатар қазақ отбасыларының арасында әлі күнге дейін сақталып келеді. 300-ге жуық отбасы ежелден келе жатқан дәстүрді сақтап, оны негізгі кәсібіне айналдырған.
Сондай шаңырақтардың бірі - Аян Сейітжанның отбасы. «Анадолу» агенттігіне берген сұхбатында Сейітжан Оңтүстік Қазақстандағы Нарын ауылында тұратынын, үш атасынан бері құсбегілікпен айналысып келе жатқандарын жеткізген.
Оның айтуынша, өзі аңшылықтың барлық қыр-сырын әкесінен үйренген.
«Әкемді атам оқытқан. Бала кезімнен есімде қалғаны, үйімізден бүркіт үзілмейтін», – дейді Сейітжан.
Құсбегі бастапқыда ұядан кішкентай балапанды қалай алатынын, оны қолға үйрету жолдарын, аң аулауға баулу тәсілдерін баяндаған.
«Аңшылар құстарды ұясынан алып, өз үйінде өсіреді, аң аулауға дайындайды. Бұл - көп жылдық процесс. Бүркітпен аңшылықты кәсіпке айналдыру үшін мұның философиясын жастайынан меңгеру керек. Сол себепті де бұл көне дәстүр біздегідей отбасылардың арқасында жалғасып келе жатыр деп айта аламын. Бүркіттерді бірнеше ұрпақ өсіріп келеміз», – дейді аңшы.
Ол Атамұра есімді бүркітімен түрлі турнирлерге қатысатынын әңгімеледі. Атамұра бүгінде төрт жаста, осы күнге дейін 10 түлкіні ілген.
Тағы бір құсбегі - Нұрғайып Ырысұлы, оның отбасында да бүркітпен аң аулау дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ол Моңғолиядағы қазақтар тұратын Баян-Өлгий аймағында 40 жылға жуық аңшылықпен айналысқан.
«Қызымды кішкентай кезінде бүркітпен аңға апардым. Қазір оның құсбегілігі менен артық. Ол туралы фильмдер түсірілді. Мен ата-бабаларымнан бері ұлттық дәстүрімді жалғастырып келе жатқанымды мақтан тұтамыз», - дейді аңшы.