Бұрын ақша-несие саясаты валюта бағамына негiзделсе, ендi инфляцияны азайтуға бағытталады - Ұлттық банк

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейiн елiмiздiң ақша-несие саясаты валюта бағамына негiзделсе, ендi алдағы екi жылда инфляция деңгейiн 6-7%, келешекте 3-4% деңгейде ұстап тұруға бағытталатын болады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнiң баспасөз мәслихатына қатыса отырып, Ұлттық банк Мемлекеттiк органдармен жұмысты үйлестiру жөнiндегi департаментінің директоры Бақытжан Сәреев мәлiм еттi.

"20 тамыздан бастап Ұлттық банк жаңа ақша-несие саясатын қолға алды. Жаңа несие саясатының, яғни, инфляциялық таргеттеудiң мәнi - инфляцияны көздеу саясатына көшу. Инфляцияны көздеу саясатына көшу барысында 20 тамыздан бастап теңге бағамын бос жiбердiк. Теңге бағамы алғашқы күндерден бастап бiр доллар үшiн 255-258 теңге, қазiр 239-241 теңге аралағында жүр. Инфляцияны көздеу саясатының негiзгi мәнi - 2020 жылға дейiн бағаны тұрақтандыру. Бағаны тұрақтандырып, қымбаттауға жол бермеу үшiн 2020 жылға дейiн жылдық инфляцияны 3-4 пайызға дейiн түсiрудi көздеп отырмыз", - дейдi департамент директоры.

Оның айтуынша, 2016-2017 жылдарға арналған мiндет - инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру.

"Жуық арада, яғни, 2016-2017 жылдары инфляция деңгейiн 6-8 пайызға жеткiзбекшiмiз. Барлық ақша-несие саясаты ендi соған бағытталатын болады. Бұған дейiн ақша-несие саясаты валюта бағамына негiзделiп келсе, қазiрден бастап инфляцияны 6-7 пайыз деңгейiнде, келешекте 3-4 пайызда ұстап тұруға бағытталатын болады",-дедi ол.