Жердің тозуы, шөлейттену және құрғақшылықпен күрес жолдары талқыланған екі апталық келіссөздер нәтижесінде тараптар бірқатар маңызды шара бойынша ілгерілеуге қол жеткізді.
Халықаралық жайылымдар мен малшылар жылында Ұланбатырда Жайылымдық жерлер жөніндегі флагмандық бастама іске қосылды. Оған жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын 45 жоба кіреді. Бұл – Конвенция тарихындағы жайылымдық жерлерді қолдауға арналған ресурстарды жұмылдыру жөніндегі ең ірі бірыңғай бастама.
Сонымен қатар үкіметтер, даму банктері, қорлар мен компаниялар бес құрлықтағы 23 елге арналған жалпы сомасы 1,3 млрд доллар болатын қаржыландыру портфелін жариялады. Оның 644,5 млн доллары жаңа қаржыландыруға тиесілі.
Міндеттемеден нақты іске
-Біз Ұлабатырға КС-17 конференциясын нақты іс-қимыл алаңына айналдыру мақсатымен келдік. Ал қазір саяси шешімдер, мықты ғылыми база, инновациялық қаржы тетіктері, инвестициялық портфельдер мен шешімдерді кең көлемде іске асыруға мүмкіндік беретін серіктестіктерден тұратын жүйені қалыптастыруға әлдеқайда жақын келдік», – деді БҰҰ Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының атқарушы хатшысы Ясмин Фуад.
Жердің тозуы күшейіп барады
Конференция жер ресурстарының қазіргі күрделі жағдайы аясында өтті. Қазір әлемдегі жердің 40%-ына дейінгі бөлігі деградацияға ұшыраған. Елдер 2030 жылға дейін 1 млрд гектардан астам аумақты қалпына келтіруге міндеттеме алды.
Қазіргі уақытта 70-тен астам елде құрғақшылықпен күрес жөніндегі ұлттық жоспар бар. 2013 жылы мұндай жоспар небәрі үш елде болған. Соған қарамастан қаржыландыру мен нақты іс-шаралардың көлемі мәселенің ауқымы мен оның шиеленісу қарқынына әлі де сай келмейді.
Ұланбатырда ұсынылған жаңа деректер әрекетсіздіктің экономикалық және әлеуметтік салдарын, сондай-ақ құнарлы жерге инвестиция салудың пайдасын көрсетті.
Шағын аралдағы дамушы мемлекеттерде 18,8 млн гектар жер деградацияға ұшыраған. Орталық Азияда бұл көрсеткіш 80 млн гектардан асады. Бұл өңір аумағының төрттен бірінен астамын қамтып, 24 млн адамға әсер етіп отыр.
Орталық Азияның барлық бес елі жердің деградациясының бейтарап балансына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы міндеттемелердің жартысы қазірдің өзінде орындалған.
Құрғақшылыққа төзімділікті арттырудың жаңа қаржы тетігі
КС-17 аясында құрғақшылыққа төзімділікті арттыруға инвестиция тартуға арналған алғашқы жаһандық қаржы тетігі іске қосылды.
БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы мен Люксембург құрған бұл жоба Құрғақшылыққа төзімділік жөніндегі халықаралық альянстың қолдауымен жүзеге асырылады. Бастама мемлекеттік және жеке сектордан 400 млн долларға дейін капитал тартуды көздейді.
Қаражат су қауіпсіздігіне, тұрақты ауыл шаруашылығына, табиғи экожүйелерге негізделген шешімдерге және жерді қалпына келтіруге бағытталады.
КС-17 жаһандық міндеттемелер мен оларды орындауға қажетті қаржыландыру арасындағы алшақтықты азайтуға да арналды.
Бағалаулар бойынша, 2030 жылға дейін жерді қалпына келтіру жөніндегі жаһандық міндеттемелерді орындауға жыл сайын 355 млрд доллар қажет. Қазіргі инвестиция көлемі шамамен 77 млрд долларды құрайды. Осылайша жыл сайынғы қаржы тапшылығы 278 млрд долларға жетеді.
Жерді қалпына келтіруге бағытталған әлемдік инвестициялардың шамамен 6%-ы ғана жеке сектордың қаржысына тиесілі.
Байырғы халықтардың форумы жұмысын бастады
Конференция барысында БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы аясындағы Байырғы халықтар форумыменЖергілікті қауымдастықтар форумы алғаш рет ресми түрде өткізілді.
Оларды құру және Конвенция аясында байырғы халықтар мен жергілікті қауымдастықтардың өз ұстанымдары мен басымдықтарын білдіруіне арналған арнайы алаңдар ашу туралы шешім КС-16 конференциясында қабылданған болатын.
КС-17 жұмысына Конвенция Тараптары конференциялары тарихындағы ең көп байырғы халық өкілі қатысты.
«Жер және адамдар» тақырыптық күнінде өткен жоғары деңгейдегі арнайы шарада байырғы халықтар құқық иелері, дәстүрлі білімді сақтаушылар және қабылданған шешімдерді іске асырудағы серіктестер ретінде таныстырылды.
Талқылауда байырғы халықтардың білім жүйесі, дәстүрлі басқару тәсілдері, тұрақты жайылымдық мал шаруашылығы, жер ресурстарын жауапты басқару және байырғы халықтардың өз бастамаларын қаржыландыруға тікелей қол жеткізу мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ әйелдер мен жастардың көшбасшылық рөліне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жерді қалпына келтірудің болашақ көшбасшылары ретінде жастарға инвестиция салу және олардың жер ресурстарын басқару мен құрғақшылықпен күрес шараларына қатысуын кеңейту қажеттігі айтылды.
Келесі конференция Мысырда өтеді
БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы Тараптарының келесі, 18-конференциясы (КС-18) 2028 жылы Мысырда өтеді деп жоспарланып отыр.
КС-18 барысында елдер жер ресурстарын қалпына келтіру және құрғақшылыққа төзімділікті арттыру бағытындағы ілгерілеуді бағалап, Улан-Баторда қабылданған шешімдер мен уағдаластықтарды іске асыруды жалғастырады.
Бұған дейін Орталық Азия елдері топырақты қорғауға бағытталған ауқымды климаттық жоба дайындап жатқаны хабарланған еді.