Былтыр сақтандыру сыйақысының түсімі 25 пайызға артты - Дмитрий Жеребьятев

АЛМАТЫ. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2011 жылы сақтандыру нарығында сақтандыру сыйақысының түсімі 165 миллиард теңгені құрады.

Оны «Көммеск-Өмір» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дмитрий Жеребьятев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

«Былтыр сақтандыру сыйақысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға артты. Оның көлемі міндетті сақтандыруда -  53 миллиард теңгені, ерікті жеке сақтандыруда  - 21 миллиард теңгені, ерікті мүліктік сақтандыруда 91 миллиард теңге болды. Ондағы өсім міндетті сақтандыруда - 49 пайыз, ерікті жеке сақтандыруда - 30 пайыз, ерікті мүліктік сақтандыруда - 13 пайызды құрады», - дейді Д. Жеребьятев.

Оның айтуынша, «Көммеск-Өмір» компаниясы  сақтандырудың ерікті түрлері бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Өсім мәселен, автокөлікті сақтандыруда  - 127 пайыз, медициналық сақтандыруда - 47,6 пайызды құрады.

«Бұл көрсеткіштер компанияның сақтандырудың ерікті түрлеріне айрықша көңіл бөлетіндігін көрсетеді. Біз денсаулық сақтау, пәтер, көлік секілді сақтандыру полистері жинақтары уақыт өте келе қазақстандықтар үшін ең қажетті сақтандыру өнімдеріне айналатынына сенімдіміз», - деді Дмитрий Жеребьятев.