Бюджет қаржысын жымқырғаны үшін мектеп директоры екі жылға сотталды - БҚО

ОРАЛ. 1 маусым. ҚазАқпарат - Орал қалалық соты бюджеттік қаржыны жымқырғаны үшін Орал қаласындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Виталий Мазуренконы екі жыл бас бостандығынан айырды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен Айжан Қапулованың хабарлағанындай,  №1 ЖБСМ директоры Мазуренко Орал қаласы аумағында 2009 жылдың сәуір айынан 2010 жылдың желтоқсан айына дейін  қызметін  асыра пайдаланып, ірі мөлшердегі ұрлық, сонымен қатар қызмет бабында жалған құжат жасаумен айналысқан.

Әрбір әрекетін жақсылап жоспарлаған ол жеке қам-қарекетіне жұмсау үшін өзінің іссапарға шығуы және  спорт мектебінің тәрбиеленушілерін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге түрлі спорттық шараларға қатысуға   жолдау туралы жалған бұйрықтар шығарып, осы бұйрықтар негізінде ірі мөлшерде бюджеттің ақшасын алған. Осылайша, Мазуренко бастаған Орал қаласының спортшылар командасының Ресейдің түрлі қалаларына жарыстарға баруға жасалған жалған іссапар шығындарына мемлекеттік бюджеттен 5 миллионнан астам ақша аударылған. Осы соманың екі миллиондайы П.Атоян атындағы стадионға бейнебақылау жүйесін орнатуға жұмсалған-мыс. Қалған ұрланған ақшаның қай арнаға аққаны белгісіз.

Орал қалалық соты Мазуренконы ҚР ҚК 314-бабының 1-бөлігі, 176-бабы 3-бөлігінің «б, г» тармақтары бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілемей екі жыл бас бостандығынан, 3 жыл мемлекеттік органдарда қызмет жасау құқынан айырып, жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтеуге үкім етті.

Мазуренко залдан қамауға алынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.