Мұндай хабарламаны партияның баспасөз қызметі таратып отыр.
«Қазіргі кезде, әлемнің көптеген елдерінде қаржылық қиындықтар болған уақытта, біздің Қазақстанымызда Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын көтеріліп келеді. Оған қоса, президенттік индустриалды-инновациялық даму стратегиясының іске асырылуының арқасында, бүкіл ел бойынша жыл сайын жүздеген жаңа өндірістер, мыңдаған жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр, жаңа мектептер, балабақшалар салынып жатыр.Осының барлығы - Елбасының әр бастамасының нақты іске асырылып жатқандығының айқын дәлелі және Елбасының өз халқына деген шынайы қамқорлығы», - деп атап көрсеткен Н. Нығматулин.
Айта кетейік, бүгіннен бастап еліміздегі бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға арттырылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Президентінің Қазақстан халқына 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауын іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 23 қаңтардағы № 74 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» 2011 жылғы 17 ақпандағы № 150 қаулысы қабылданды, оған сәйкес бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2011 жылғы 1 шілдеден бастап 30 пайызға арттыру көзделіп отыр (лауазымдық жалақыны есептегенде қолданылатын базалық лауазымдық жалақыны 13613 теңгеден 17697 теңгеге дейін көтеру арқылы (30 пайызға өсті). Осы мақсатта 1,3 млн. қызметкерге үстіміздегі жылы мемлекеттік бюджетте 2010 жылдың еңбекақы төлеу қорына қосымша 274,6 млрд.теңге қарастырылған.
Онда атап көрсетілгеніндей, бұл ретте бюджет саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 2010 жылғы 51933 теңгеден үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап 67513 теңгеге өседі. Мысалы, 2010 жылы бюджет саласындағы білім және денсаулық сақтау қызметкерлерінің орташа жалақысы тиісінше 49216 және 54650 теңгені құраса, биылғы 1 шілдеден бастап олардың жалақысы орташа есеппен тиісінше 63981 және 71045 теңгені құрайды.Бұдан басқа, бюджет саласы қызметкерлері кезекті еңбек демалысына шыққан кезде төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақылардың да мөлшері артады.
«Әлем елдері қаржылық дағдарыс зардабынан толық айыға алмай отырған тұста Қазақстан Республикасы барлық әлеуметтік төлемдерді, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын арттыруды тұрақты қолға алып отыр. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын артыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2012 жылға дейін 2008 жылмен салыстырғанда кезең-кезеңмен 2 еселік деңгейге, оның ішінде 2009 және 2010 жылдары - 25 пайызға, 2011 жылы - 30 пайызға көбейту көзделген. Бұл ретте 2009 жылғы 1 қаңтардан және 2010 жылғы 1 сәуірден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға арттырылған болатын», - делінген баспасөз хабарламасында.