11:46, 15 Сәуір 2009
Бюджеттің қысқаруы мәдениет саласына әсер еткен жоқ ? М.Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәдениет және ақпарат министрлігінің болашақтағы атқаруы тиіс міндеттері негізгі екі бағдарламалық құжатқа негізделеді.
Оның бірі Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық бағдарлама болса, екіншісі - Үкіметтің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспары, яғни «Жол картасы». Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед министрліктің алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің сөзіне қарағанда, аталмыш құжаттардағы басты мақсаттар біріншіден, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмау болса, екіншісі - Қазақстанның дағдарыстан кейінгі орнықты дамуы үшін барлық жағдайларды жасау болып отыр. «Осы мақсат үшін ұлттық қордан 350 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсау жоспарлануда. Дағдарыстар өтеді де кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгілік қалады. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты да осыған бағытталуы керек», деді М.Құл-Мұхаммед.Соңғы уақытта Мемлекет басшысы мен Үкімет мәдени-ақпараттық салаға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Кешегі бюджет шығыстарын қысқарту мен оңтайландыру жұмыстарына қарамастан, мәдениет саласы айтарлықтай өзгерістерге ұшырай қойған жоқ. «Сондықтан, бізге биылғы жоспарларымызды толығымен жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Біз биыл бюджет қысқарды екен деп министрліктің стратегиялық жоспарына да көп өзгерістер енгізген жоқпыз», деді министр.