Бюджеттің және Ұлттық қордың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін саясат жүзеге асатын болады - Б. Сағынтаев

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бюджеттің және Ұлттық қордың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бюджеттік саясат жүзеге асатын болады.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру барысында Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, мем­лекеттік борышты қалыпты ұстау үшін тапшылықты 2013 жылы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5%-ға дейін төмендету жос­парлануда. Бұл ретте Ұлттық қорда кепілдендірілген трансферт көлемінде қордың қа­ра­жатын пайдалануды шектеу жолымен қаржы ресурстарын жинақтау саясаты жал­ғасты­рылады.

«Бұл 2015 жылы мұнай­ды есепке алмағандағы тапшылықтың 3,9%-ға дейін төмендеуіне және Ұлттық қордағы қаржы ресурстарын жинақтауға ықпал етеді. Болжамды түсімдер мен жос­парланған тапшылықтың төмендеуін ескере отырып, республикалық бюджеттің шы­ғыстары 2013 жылы 6,2 трлн теңге, 2014 жылы 6,5 трлн және 2015 жылы 7,1 трлн тең­ге көлемінде айқындалды», - деді министр.