Реформа аясында мемлекет тарапынан зейнетақы жинақтарына кепілдік беру тетігі жаңарады, ал салымшылар жеке инвестициялық басқарушы компанияларға өз жинағының 100 пайызын сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұл өзгерістердің мәнін «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры Мұрат Шәріпов пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Әлібек Тоқтауов түсіндірді.
Мемлекеттік кепілдік тетігі қалай өзгереді?
Бұған дейін мемлекет азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына кепілдік беріп келсе, енді бұл тәсіл өзгереді.
— Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізілді. Бұл мемлекеттің кепілдігі жойылады деген сөз емес. Жүйе нарықты реттеу, басқарушыларға қойылатын талаптарды күшейту және қадағалауды күшейту арқылы жұмыс істейді. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп есептейміз, — деді Мұрат Шәріпов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе көптеген елдің жинақтаушы зейнетақы жүйесінде қолданылады.
Сонымен қатар азаматтардың қаражаты бұрынғыдай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шоттарда сақталады, яғни жеке басқарушы компанияларға тек инвестициялық басқару функциясы ғана беріледі.
Жинақтың 100 пайызын жеке басқаруға беру мүмкіндігі
Реформаның негізгі жаңалығының бірі — азаматтардың өз зейнетақы жинағының толық көлемін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Әлібек Тоқтауов бұл өзгеріс зейнетақы жүйесін икемді қылатынын айтты.
— Азаматтардың жинақтарының сақталуы заң жүзінде бекітілген және бұл норма өзгермейді. 2027 жылдан бастап инфляциялық айырманы өтеу бағдарламасы оңтайландырылады. Бұл — зейнетақы жүйесін ұзақ мерзімді табыстылыққа бейімдеу қадамдарының бірі. Негізгі өзгеріс — бұрын болған 50 пайыздық шектеудің толық алынуы, — деді ол.
Қазіргі таңда министрлік жанынан зейнетақы жүйесін трансформациялау жөніндегі жұмыс тобы құрылған.
Жеке басқарушы компанияларға ақша берілсе, қауіп бар ма?
Мұрат Шәріпов азаматтардың қаражаты жеке компанияларға өткен жағдайда бірнеше деңгейлі қорғау тетігі қарастырылғанын атап өтті.
Ең алдымен азаматтардың жеке зейнетақы шоттары БЖЗҚ-да сақталады, яғни бұрынғыдай есеп жүргізетін жалғыз ұйым өзгермейді.
— Бұл жерде ең маңыздысы — барлық зейнетақы шоттары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады. Бұрын бірнеше жеке зейнетақы қоры болған кезде есепшоттардың өзі сол ұйымдарға өтетін. Қазіргі механизм мүлде басқа. Барлық есеп жүргізу мемлекеттік Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақталады, — деді ол.
Екіншіден, жеке басқарушы компанияларға берілген қаражат олардың меншігіне айналмайды.
Сарапшының айтуынша, бұл қаражат кастодиан банктерде бөлек сақталады және тек инвестициялау мақсатында ғана пайдаланылады.
— Бұл қаражат басқарушы компанияның жеке активі болып саналмайды. Егер компания талаптарды орындамаса немесе нарықтан шығарылса, қаражат міндетті түрде Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады. Сондықтан азаматтардың жинағы жоғалып кетеді деген қауіп жоқ, — деді Мұрат Шәріпов.
Инвестициялық тәуекелдер қалай бақыланады?
Сарапшылар инвестициялық қызмет болған жерде белгілі бір тәуекелдің болатынын жоққа шығармайды. Өйткені бағалы қағаздардың құны өзгеруі, валюта бағамы ауытқуы секілді қиындықтары бары анық.
Алайда басқарушы компаниялар кез келген қаржы құралына инвестиция сала алмайды. Олардың қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен инвестициялық саясатпен қатаң шектеледі. Мысалы жоғары тәуекелі бар криптовалюталарға немесе қысқа мерзімді алыпсатарлық құралдарға инвестиция салуға рұқсат берілмейді.
Бұдан бөлек әрбір басқарушы компания ең төменгі табыстылық деңгейін қамтамасыз етуге міндетті.
— Егер басқарушы компания белгіленген ең төменгі инвестициялық табыстан төмен нәтиже көрсетсе, айырманы өзінің жеке қаражаты есебінен өтеуге міндетті болады. Қазіргі уақытта мұндай қызметті жүзеге асыратын 6 жеке инвестициялық басқарушы компания жұмыс істеп жатыр, — деді БЖЗҚ басқарушы директоры.
Басқарушы компанияны қалай таңдауға болады?
Азаматтарға инвестициялық басқарушылардың жұмысын салыстыру үшін арнайы Investprof.kz порталы іске қосылған.
— Investprof.kz порталында әрбір компанияның инвестициялық кірістілігі, инвестициялық стратегиясы және басқа да көрсеткіштері жарияланып тұрады. Азаматтар бірнеше компанияның көрсеткіштерін салыстырып, өзіне тиімді басқарушыны таңдай алады, — деді Мұрат Шәріпов.
Оның айтуынша, жинақтың 100 пайызын сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі 50 пайыздық шектеу алынғаннан кейін толық қолжетімді болады.
Неліктен жеткіліктілік шегі өзгерді?
Сарапшылар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй немесе емделу мақсатында пайдалану мәселесіне де тоқталды.
Мұрат Шәріповтың айтуынша, пандемия кезеңінде енгізілген бұл мүмкіндік көптеген азаматқа көмектесті. Бірақ уақыт өте келе кейбір азаматтар жинағын тұрақты түрде алып, кейін оны толықтыруға асықпаған.
Бұл болашақта зейнет жасына жеткен кезде жеткілікті қаражаттың болмауына әкелуі мүмкін. Сондықтан жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қайта қаралған.
— Зейнетақы жинақтары — азаматтардың қартайған кездегі негізгі қаржы көзі. Сондықтан жаңа әдістеме адамның болашақта лайықты зейнетақы алуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде тұрғын үй мәселесін шешуге және емделуге арналған өзге де мемлекеттік бағдарламалар бар. Ал зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты өзгермеуі тиіс, — деді ол.
Сонымен қатар мемлекет азаматтардың жинақтарын есепке алу мен сақтауды бұрынғыдай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы жүзеге асыруды жалғастырады. Ал инвестициялық басқаруға қатысты таңдау мүмкіндігінің кеңеюі салымшыларға өз қаражатын басқаруда көбірек еркіндік береді.
Бұдан бұрын әлем елдерінде зейнетақы жинақтары қалай қорғалатынын жаздық.