Қордың мәліметінше, енді ең төменгі жеткіліктілік шегі зейнетақы шотында жинақталған қаражат көлемін ескере отырып, болашақтағы мақсатты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне негізделіп есептеледі.
— Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу кезінде енді жинақты мерзімінен бұрын пайдаланған сәттен бастап, зейнеткерлік жасқа дейін түсетін болашақ зейнетақы жарналары есепке алынбайды. Бұл азаматтардың жинақтарының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін болашақта төмен мөлшерде жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Енді жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін болашақ төлемдердің мөлшері медианалық жалақының кемінде 40 пайызы деңгейіне бағдарланған. Ал бұрын бұл көрсеткіш медианалық жалақының ең көбі 15 пайызына дейін ғана жетуі мүмкін еді, — деп түсіндірді БЖЗҚ агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ қор мерзімінен бұрын алуға болатын қаражат көлемі де өзгергенін атап өтті. Бұрынғы әдістеме бойынша ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинағы бар бір салымшыға орта есеппен 2 миллион теңгеден сәл астам қаражат қолжетімді болса, жаңа әдістеме бойынша бұл көрсеткіш шамамен 7 миллион теңге.
Әдістеме өзгергеннен кейін тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігінен айырылған салымшылар ең көп Алматы қаласында тіркелген — 146 мың адам. Одан кейін Астана қаласы — 77 мың адам және Қарағанды облысы — 43 мың адам.
Бұған дейін ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесіне сәйкес, белгіленген шектен жоғары зейнетақы жинақтары бар азаматтардың саны 30 мыңнан сәл асатынын жазған едік.