Оның айтуынша, 2013 жылы «Ақмол-Феникс» акционерлік қоғамының бұрынғы нысандары негізінде Целиноград ауданының Ақмол аулында ашылған кәсіпорын бос қалған цехтарды жөндеуден өткізіп, заманауи қондырғылар орнатқан соң жұмыс жандана бастады.
Осы орайда, кәсіпорынға аз ғана уақыттың ішінде сапалы өнім шығаруды бастау оңай болған жоқ. Қаңырап бос қалған цехтарды рет-ретімен жөндеп, құс фермасын, инкубаторларды, құрама жем цехын қажетті қондырғылармен жабдықтаумен қатар, инкубациялық жұмыртқалар, асыл тұқымды құстар әкелу сынды қажетті шаралар жылына 20 мың тонна құс етін шығаратын жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік берді. Осылайша, өткен жылдың шілде айында инкубаторларға алғашқы жұмыртқалар орналастырылып, қыркүйек айында алғашқы бройлерлер сатылымға шығарыла бастады.
«Біздің фабриканы іске қосу үшін қыруар жұмыстар атқаруға тура келді», дейді «Шаңырақ» басқарушы компаниясы» ЖШС-нің басшысы Максим Божко: -«Алты үлкен нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті қондырғылар орнаттық. Оның ішінде әрқайсысына 23 мың балапан сыяатын үш корпустан тұратын цех, 40 мың бройлер тұратын 4 корпус және жылына 15 миллион балапан шығара алатын инкубатор бар. Біреуінде 54 мың бройлер өсіруге болатын тағы да 14 арнайы цех жұмыс істейді. Сондай-ақ, сағатына 15 тонна өнім шығара алатын құрама жем цехы мен бройлерлерді соятын және етін өңдейтін зауыт іске қосылды. Енді осыған өзіміздің автомобиль паркіміз бен үш жылу орталығын қоссақ, жұмысымыздың қаншалықты ауқымды екендігін пайымдауға болады».
Міне, осының бәрі кәсіпорын ұжымына тәулігіне 45-50 тонна сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Оның ішінде өнімнің құс еті, шұжық, ысталған ет сияқты 20 түрі бар.
Бір назар аударарлығы, өнімді сатуда ешқандай қиындық жоқ екен. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өнімдері Астана, Қарағанды, Алматы қалалары мен Ақмола облысының аудандарына жөнелтіледі. Сондай-ақ, Ресейдің Мәскеу қаласы мен Сібірге, Ресейдің орталық округтеріне де жеткізілуде.
Максим Божконың айтуынша, кәсіпорын қол жеткен табыстармен шектелмей, келесі жылы өнім шығаруды екі есе көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді. Осы мақсатта фабрика өнім шығарумен қатар, өндірістік базаны кеңейтуді қолға алып отыр.
«Қазіргі кезде 9 миллион инкубациялық жұмыртқа бастыратын тағы да 4 корпус жабдықталуда. Бұл өндіріс көлемі екі есе артады деген сөз. Сондай-ақ, биылғы желтоқсан айында 54 мың бас құс өсіретін тағы бес корпусты жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал, келесі жылы тағы да осындай цехтар ашылып, іске қосылмақшы.
Осының бәрін ескерсек, бүгінде тәулігіне 50 тонна өнім шығаратын фабрика алдағы уақытта өнім көлемін тәулік сайын 150-170 тоннаға жеткізе алады. Яғни, 2017 жылы фабрика толыққанды жұмыс істеп, жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін болады», дейді Максим Божко.