Чемпиондар лигасы: «Бавария» Италияның «Лацио» командасынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалында Германияның «Бавариясы» сырт алаңда Италияның «Лацио» командасынан жеңіліп қалды.
Ойын тағдырын шешкен жалғаз гол 68-минутта соғылды. Оны Чиро Иммобиле пенальтиден орындады.
Осылайша «Бавария» қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.
Тағы бір кездесуде Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы өз алаңында Испанияның «Реал Сосьедад» командасын 2:0 есебімен сүріндірді. Ойын барысында франциялық клубтан Килиан Мбаппе 58, Брэдли Бариола 70-минутта гол соқты.
Енді жарыстың аталған сатысында 20 ақпанда - «Интер» (Италия) мен «Атлетико Мадрид» (Испания), ПСВ (Нидерланд) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия), 21 ақпанда - «Наполи» (Италия) мен «Барселона» (Испания), «Порту» (Португалия) мен «Арсенал» (Англия) ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Реал Мадрид» (Испания) сырт алаңда «РБ Лейпциг» (Германия) клубынан 1:0 есебімен басым түссе, «Копенгаген» (Дания) өз алаңында «Манчестер Сити» (Англия) командасына 1:3 есебімен жол берді.