ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін, 26 сәуір күні Чернобыль атом электр стансасында орын алған дүлей апатқа 28 жыл толып отыр. Осыған орай Оралдағы жастар шығармашылығы орталығында арнайы жиын өткізілді.
БҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен «БҚО Чернобыль мүгедектері және ардагерлері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен атап өткеніндей, аталмыш апаттан Украина ғана емес, басқа да елдер зардап шекті. Апат зардабын жоюға Батыс Қазақстан облысының өзінен үш жарым мыңнан астам адам қатысты. Қазіргі таңда олардың көзі тірілеріне барынша қамқорлық көрсетіліп келеді.
Сонымен бірге құрбан болғандардың есімдері де ұмытылмақ емес. Жастар шығармашылығы орталығының саябағында Чернобыль апатын жоюға қатысқандар құрметіне арналған ескерткіштің орны белгіленді. Ол алдағы уақытта бой көтеретін болады.
Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысқан шара барысында Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға алғысхаттар табыс етіліп, қайтыс болғандарының отбасыларына қаржылай көмек берілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).