Д.А.Қонаевтың мұражай -үйі - мәдени мұраның насихаттаушысы- Мұражайдың бас қор сақтаушысы Г. Бекмұратова

АТЫ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше мемлекет және қоғам қайраткері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 99 жыл толды. Осыған орай Алматыдағы Д. А. Қонаев мұражай-үйі «100 жылдыққа 100 шара» бағдарламасы аясында «Тұғыры биік тұлға» деген тақырыппен бірқатар іс-шаралар өткізді. Біз осыған орай мұражайдың бас қор сақтаушысы Гүлмира Бекмұратованы әңгімеге тартқан едік.

- Гүлмира Сыдығалықызы, алдымен Д.А.Қонаев атындағы мұражай-үйі қашан және қалай ашылғаны туралы аз-кем мағлұмат беріп өтсеңіз?

- Д.А.Қонаев атындағы мұражай-үйін ашудың басты ниетшісі - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 1994 жылдың 24 ақпанында Елбасының «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында» қаулысы шыққан болатын. Онда Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанға сіңірген ерекше еңбегі үшін Алматы қаласында Д.А.Қонаевтың мұражай -үйін құру туралы айтылды. Осыған орай 2001 жылдың қараша айында Алматы қаласы әкімдігінің және Халықаралық Қонаев қорының көмегімен мұражай ресми түрде ашылды. Мұражайдың директоры болып Б. Батталханов тағайындалды. Мұражайдың ашылуына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері: К.Аухадиев, С.Жиенбаев, А. Күлебаев, Ш.Бекболатов, Ж.Асқарова, І.Балтағұлов, С.Әбдірайымов (марқұм), А.Ермегияев, Ш.Уалиханов, А.Горяйнов және тағы басқалар үлкен үлес қосты.

Жалпы 2002 жылдың 12 қаңтарында Д.А.Қонаевтың 90 жылдық мерейтойында мұражай-үйі салтанатты түрде 920 көрерменнің қатысуымен ашылды. Лента қию рәсімі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов пен Қонаевтың қарындасы Гаухар Ахметқызына тапсырылды. Біз жұмысымызды жәдігерлер мен материалдар жинаудан бастадық. Осы жерде мен алғашқы музей қызметкерлері Ирина Викторовна Рязанцева мен Майя Бекжапарқызы Сартаеваның есмін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда мұражайда Қонаевтың бюсті, жеке қолданған заттары, портреттері, кілемдері, тарихи құжаттары бар. Жәдігерлердің жалпы саны - 2999. Ерекше еңбектерімен көзге түскен қызметкерлеріміз Жүсіпбаева Нұрила Сергейқызы мен Төлемісова Маржан Климқызын айтуға болады. Д.А.Қонаев мұражайында көркемдік кеңес құрылып, табысты жұмыс істеп келеді. Кеңеске Қонаевтың қызметтес әріптестері мен белгілі қоғам қайраткерлері мүше болды. Кеңес әр жылдың есебін тыңдап, жаңа жылдың жоспарын бекітіп отырады.

- Қонаев мұражайы өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл бұрынғы кеңестік республикалар аумағында мемлекет басшыларына арналып ашылған бірден-бір мұражай үйі болып табылады. Оның өзіндік ерекшеліктері қандай?

- Мұражай тәжірибесінде мемориалды-тұрмыстық экспозицияны құрылған мемориалды орыннан бөлек жерде қалпына келтіру тәрізді құбылыстар сирек кездеседі. Бұл процесс аз зерттелген және қалыптасқан әдістемесі жоқ. Бұл жерде бірнеше жәйтті шешіп алу қажет болды. Біріншіден, ең алдымен нені қалпына келтіру керектігі жайлы ойлагдық. Екіншіден, Қонаев тұлғасын, оның мемлекетті дамытып өркендетудегі рөлі мен еңбегін мойындаумен қатар схематизациялаудан бас тарту, Қонаевты көрсету және оның таза адамгершілік қасиеттері мен өмірінің тұрмыстық жағына қызығушылық туғызу міндеті тұрды. Үшіншіден, тарихи тұлғаның жұмыс кабинетінің интерьерін және басқа да сақталған, күнделікті өмірде тұтынған заттарын табу қажет болды.

Қонаевтың шынайы тұлғасын анық ашуға, яғни оны қарапайым тұлға ретінде көрсетуге «Қонаев кабинеті» мемориалдық орны кең мүмкіндік береді. Бұл орын, біздің ойымызша, Қонаевты тек мемлекет қайраткері ретінде ғана емес, шынайы өмірде болған тұлға ретінде де ашып көрсетеді. Бұл экспозиция үшін өткен ғасырдың 55-60 жылдардағы уақыт шеңбері таңдалып алынды. Осы кезең Қонаевтың тұлға ретінде және мемлекет қайраткері ретінде қалыптасу жылдары болды.

Д.А.Қонаев кабинеті - жәдігерлердің толықтай шынайылығыменен ерекшеленеді, оны жабдықтау барысында Қонаевтың кабинетінде бірнеше рет болған мемориалды тұлғаның замандастары мен достарының көмегі көп болды. Қонаевтың жеке заттарына жататын дүниелер ерекше қызығушылық туғызады. Бұлар көптеген куәліктер, қаламдар, әшекейлі оттықтардың жиынтығы, қолдан жасалған түрлі пышақтар, лунаход, танктердің сувенирлері. Осының барлығын қолмен ұстап көруге болады. Алматының ешқандай мұражайында мұндай бұйымдар жоқ. Бұл жастардың үлкен қызығушылығын туғызады. Өйткені қазіргі жастар өте білімдар, әр нәрсеге ерекше қызыға қарайды.

Түпнұсқалардың мемориалды мұражайда ерекше қызығушылық туғызатыны белгілі. Біздің мұражайдың осындай ортасы біріншіден, экспозиция толықтай шынайы мемориалдық дүниелерден жинақталуында. Екіншіден, сол заманның кабинеттік стилі сақталған. Жоғары оқу орындарының студенттері, әсіресе, тарих факультетінің студенттері мұражайға жиі келіп, Қонаев кабинетінде болғанда шынайы тарихи әрі уақыттық ортаға түскендей күй кешеді. Оның үстіне оларды Д.А.Қонаевтың жеке күзет бастығы, КГБ полковнигі А.И.Горяйнов жетелеп жүреді, бүкіл экскурсия барысында тек Кеңестік кезеңдегі партия көшбасшысына, Қонаев мұражайына тән атмосфераны туғызады.

- Жәдігерлер жинауда қиындықтар да аз болмаған шығар?

- Біз тапқан заттар әр түрлі сөрелерде жертөлелер мен сарайларда жатқан болатын. Сондықтан ол заттарды бастапқы қалпына келтіру қиынға соқты. Ол үшін мұражайдың жәдігерлерін сақтайтын арнайы қор дайындап аштық. Мұражайға жәдігерлерді қабылдау барысында да көптеген қиындықтар туды: яғни жәдігердің шығу тарихы, тарихи маңыздылығы, жасалған уақыты, жасалынған жері мен авторын анықтау деген сияқты. Жәдігердің шығу тарихын (жәдігер туралы дерек) анықтау үшін кітапханалар мен мұрағаттарда отырып біраз жұмыс істеуді қажет етті. Ол өте көп уақытымызды алды. Әр жәдігердің тарихы анықталмағанша ол көрме залына экспозицияға қойылмады.

Мұражайда бірте-бірте кітапхана ашылып, онда Қонаевтың жеке өзінің кітаптары мен қызметтес әріптестерінің кітаптары орын алды. Онда Д.А.Қонаев туралы жазылған 66 кітап топтамасы бар. Кітаптардың саны 3000 данадан асады. Одан елімізде Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңдердегі Қоңырат кенішіндегі жұмысшы-қызметкерлердің өсу көрсеткіші, олардың тұрмыс-тіршілігі жайлы да құнды деректерді таба аласыз. Мұражай шеңберінде «Қонаевтану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп келеді. Ғылыми орталықтың кеңесі құрамына еліміздің танымал ғалымдары кірді. Олар: академик К.Нұрпейісов, К.Нәрібаев, Е.Түркебаев, Э.Госсен, Н.Нәдіров, К.Бұрханов, С.Галиев, А.Біртанов, Б.Батталханов. Кеңес төрағасы Қонаев университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ө. Қопабаев.

- Осы арада мұражай қызметкерлерінің ұйытқы болуымен кеше ұйымдастырылған іс-шаралар жөнінде айтып берсеңіз.

- Д.А.Қонаевтың туғанына 99 жыл толуына байланысты мұражайда жаңа экспозициялық зал ашылды. Ол зал «Қызыл зал» деп аталады. Ол Д.А.Қонаевтың балалық, жастық шағы, еңбек жолының басталуы кезеңдерін қамтыған. Сондай-ақ Қонаев мүсініне гүл шоқтары қойылды. Оған Д.А.Қонаевтың қызметтес әріптестері мен туыстары қала тұрғындары менм қонақтары қатысты. Сондай-ақ мұражайда Д.А.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты мемуар кітаптарының электронды нұсқасының тұсау кесері өтті. Онда Алматы мен Талғар қалаларындағы түрлі оқу орындарының студенттері Д.А.Қонаевқа арнаған өлеңдерін оқыды. Бүгін Қапшағай қаласындағы Қонаев мектебінде оқушылар арасында айтыс өткізілмек.

-Әңгімеңізге рахмет!