Аталмыш жинақ Ч.Айтматова академиясының директоры Рахим Абдуалиев, Ұлыбритания театрының директоры Дэвид Папава және ирландиялық тәуелсіз сыншы, психолог Сара Коплей сынды танымал театр сыншылары мен мәдениет қайраткерлерінің қолдауымен Лондон қаласында ағылшын тілінде жарық көрген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесі ағылшын тілінде «Соғыс және балалар» деген атпен жарық көрген болатын. Ал бұған дейін тұңғыш рет ағылшын тілінде жазушының «Гауhартас» атты әңгімелер мен повестер жинағы басылып шықты. Оның тұсаукесері сәуір айында ұлыбританиялық Кембридж университетінде өтті. Сондай-ақ, наурыз айында Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық музыкалық-драма театры Исабековтың «Өкпек жолаушы» атты пьесасын Лондон қаласында қазақ тілінде қойғаны белгілі. Дулат Исабековтің бұл пьесасы «The Transit¬ Pas¬sen¬ger» деген атпен 2014 жылы сәуір айында Лондон қаласының «Giant Olive» театрында ағылшын тілінде қойылған болатын.
Жазушының айтуынша, бұл шығарма қаламгердің 46 жасында жазылған. Бұл қойылым қазақы дүниетанымды, қазақ халқына тән адамгершілік қасиеттер мен қарым-қатынас мәдениетін, сол секілді отбасылық құндылықтардың маңызын айшықтағандай болады. Мұндағы ең қызықты образ - ағылшын жұртын сүйсіндірген образ қазақ әйелінің бейнесі екені даусыз.
Айт кету керек, Ұлыбритания павильонының аумағында мұндай шараның өтуі екі елдің мәдени және шығармашылық байланысының нығаюына себепкер болмақ.
Сонымен қатар Дулат Исабековтың бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылып, 1978 жылы «Полынь», 1979 жылы «Отчий дом», ал 1986 жылы «Смятение», «Новоселье в старом доме» деген атпен басылған болатын. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды.
Сондай-ақ, Дулат Исабековтың туындыларының негізінде түсірілген фильмдер қазақ кинематографиясының қоржынына қосылды. Атап айтсақ, олар 1975 жылы түсірілген талантты режиссер Ш.Бейсембаевтың «Гауһар тас» көркем фильмі және 1986 жылы жарық көрген режиссері кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі,Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың көркем фильмі «Дермене».
Аталған салтанатты жиынды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Бүгінгі айтулы шараға Ұлыбританиядан автор шығармаларын аударған және оған қызығушылық танытқан қонақтар келіп отыр. Мәдениеті мен әдебиеті биік халық - ұлы халық деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, еліміздің рухани қазынасы әлемдік деңгейде танытып жүрген Дулат ағамызға шығармашылық табыс пен деніне саулық тілеймін. Ағылшынның ұлы классигі Уильям Шекспирдің жазған кейіпкерлері осы заманғы рухани қажеттіліктерді қанағаттандырып азық етуге лайық»,- деп атап өтті.
Тұсаукесер кешіне шақырылған құрметті меймандар қатарында танымал жазушылар, ақындар, журналистер мен Қазақстанның зиялы қауым өкілдері және қазақстандық жазушының шығармашылығына ерекше қызығушылық білдіріп, оны ағылшын тіліне аударуға белсенді қатысқан Ұлыбританиядан келетін шетелдік мәдениет және өнер қайраткерлері бар.