Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президентінің «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық кеңесте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай айтты.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы тіл мәселесіне жаңаша серпін берді. Елбасы 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру жөнінде нақты міндет жүктеді. Соңғы 90 жылдың ішінде қазақ әліпбиі бірнеше рет өзгеріске ұшырап, араб алфавиті, одан төте жазу, одан кейін латын қарпі, соңында кирилицаға дейінгі күрделі жолдан өткені өздеріңізге мәлім. Әлбетте, соңғы 70 жылда қазақ ғылымы мен білімі кирилица жазуының арқасында жан-жақты дамып, рухани қазынамыз толыға түсті. Алдағы кезеңде латын қарпіне көшу арқылы біз бұл проблемаларды шешіп қана қоймай, әлемдік ақпараттық-коммуникативтік кеңістікке кеңінен ықпалдаса түсетін боламыз», - деді ол.
Осы орайда министр Мемлекет хатшысына алға қойылған міндеттерді толық жүзеге асыру үшін филологтар мен әлеуметтанушылар, тарихшылар, экономистер және басқа мамандық иелерінің күш жігерін біріктіре отырып, Тіл білімі институтының жұмысын қайта бағдарлау не болмаса осы мекеме жанынан латын қарпіне көшу жөніндегі арнайы орталық құру ұсынысын жасады. Оның атап өтуінше, бұл құрылымның алдына бұған дейін осы жолды жүріп өткен Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Молдава, Түркия елдерінің тәжірибелерін тыңғылықты зерттеп, зерделеп қана қоймай, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру бағдарламасын әзірлеу жөнінде келелі міндет қойылмақ.
Сонымен қатар жоғарыда аталған мемлекеттер латын қарпіне көшуде бірқатар қателіктерге бой алдырғандығын, ал біздерге ол олқылықтарға жол бермеуге толық мүмкіндік бар екендігін баса айтқан Д.Мыңбай: «Бұл бағыттағы аса ауқымды жұмысты жүйелеуге Үкімет тарабынан жіті бақылау мен үйлестіру шаралары жүретін болады. Үкімет тарабынан арнайы комиссия құру жөнінде бастама көтеріп отырмыз», - деді.