Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде танымал металлург, университет профессоры Ахат Күленовтың құрметіне оқу аудиториясы ашылды

ӨСКЕМЕН. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Вита Викторова/ - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде танымал металлург, университет профессоры Ахат Күленовтың атындағы оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Университет студенттері мен оқытушылары химия және металлургия кафедрасының бұрынғы профессоры, танымал металлург, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық Қаһарманы, ҚР Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Ахат Сәлемхатұлына осылайша құрмет білдіріп отыр. Ахат Сәлемхатұлы Күленов ұзақ жылдар Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының бас инженері, директоры, «Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты» ААҚ-ның президенті қызметтерін абыроймен атқарды. Өмірінің 40 жылдан астам уақытын еліміздің түсті металлургиясын дамытуға арнаған Ахат Сәлемхатұлының басшылығымен теңдесі жоқ іс ? кен қалдықтарын қайта өңдеу технологиясы, оны қазіргі заманға сай жарақтандыру жүзеге асырылды. Кәсіпорында алтын мен күміс өндірудің тұйықталған циклы іске асырылып, Қазақстан Лондон биржасына алтын қоюшы елдер қатарына кіру мәртебесіне ие болды. 1992-ші жылы қаңтарда тарихи оқиға - Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанның символына айналған алтын құйма шығарылды. Ел мен мемлекет алдындағы орасан зор еңбегі лайықты бағаланып, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл ту ордендері, бірқатар медальдардың иегері және Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнертапқышы атанды. А.С.Күленов атындағы аудиторияның ашылу рәсіміне ғалымның әріптестері, кәсіпорын басшылары, ғалымдар қатысты.