Дағдарыс үйреткен дәрістер

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Нұркен Сәкенов/ - Біраз әбігерге салған дағдарыс, жаһандық экономикалық құбылыстың алғашқы екі толқынына төтеп бере алған қазақстандық экономиканың мығымдығына көз жеткізуге мүмкіндік берді.

Қазақстан дағдарысқа қарсы шараларды алғашқы елдердің қатарында қабылдады және барлық мемлекеттік аппаратты әлеуметтік-экономикалық үдерістерді қолмен басқару режіміне ауыстырды, биліктің барлық буындарын үйлестірудің деңгейін шамалы болса да көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Дағдарыс үйреткен басты дәрістердің бірі - билік құрылымдарындағы жұмыстардың үйлесімділік және келістілік сабағы. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, Қазақстан бұл сабақты жақсы үйренді. Үкіметтік деңгейден бастап мемлекеттік тәртіп қатайтылуда, биліктің орталық және жергілікті органдарының арасындағы аралық барынша қысқарып келеді. Облыстар мен Астана және Алматы әкімдерінің қатысуымен өтетін Үкіметтің селекторлық кеңесі орталық пен өңірлердің арасындағы байланыстың басты және дәстүрлі жолына айналды. Осынау басқосуда елдің дағдарысқа қарсы және дағдарыстан кейінгі дамуының негізгі мәселелері жан-жақты талқыланады, жергілікті ерекшеліктер мен салалық және жалпы мемлекеттік мүдделер ескеріле отырып, теңгерімді шешімдер қабылданады. Аймақтық өкімет институттарын тарта отырып, орталық атқарушы органдардың алқалы отырыстарын жүйелі өткізу арқылы министрліктер мен әкімдіктердің арасында орнықты, ең бастысы тұрақты үйлестіру жұмыстары жолға қойылды. Осынау шара орталықтағы ғана емес, жер-жерлердегі басқарушылық үдерістің сапасын арттырады. Өңірлер «өз проблемаларымен» жеке қалып қоймауы, республикалық даму міндеттерінен тыс қалмауы керек. Әкімдердің жалпы мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға қатыстылығы кеңейтілгенімен қатар, жергілікті өкіметке қойылатын талаптар күшейтіліп отыр: енді индустриялық жобаларды жүзеге асыру мен экономиканы әртараптандыру міндеттері үшін әкімдердің орынбасарларына дербес жауапкершілік жүктелуде. Осылайша жұмыстың тиімділігі артып, қол жеткізетін нәтижелерді бақылау жеңілдейтін болады. Үкімет пен әкімдіктердің «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен арадағы өзара іс-қимылдарының тетіктері де жолға қойылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бөлек қызмет еткен «Самұрық» холдингі мен «Қазына» қорын біріктіргеннен кейін, жаңа мемлекеттік институттың директорлар кеңесін Премьер-Министр басқарады, ал кеңестің құрамына министрлер кабинетінің салалық министрлері кіріп отыр. Яғни, бұрын олар жеке-жеке әрекет етсе, енді Үкімет пен экономикалық биліктің вертикалы саналатын «Самұрық-Қазына» қоры ұйымдасқан түрде әрекет етуде, нақты айтқанда бұл тізбек жергілікті деңгейде экономиканың жеке және мемлекеттік секторларының өзара іс-қимылдарын қамтамасыз етіп отырған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен толығады. Олардың жұмыс әдістері - жеке капиталмен бірлесе отырып, бизнес-жобаларды жүзеге асыру, түскен табысты аймақтың әлеуметтік саласына жұмсау болып табылады. Сонымен, Қазақстанда мемлекеттік менеджменттің жаңа жұмыс стилі біртіндеп көпдеңгейлі үйлестіру мен әрбір шешім үшін жеке жауапкершіліктің, сондай-ақ жалпы мемлекеттің күнтәртібіндегі мәселелерді шешуде аймақтық биліктің де мүдделерін белсенді ескерудің қоспасына айналып келе жатқан сыңайлы.