12:30, 12 Наурыз 2009
Дағдарыс жағдайында мемлекет пен жеке сектордың әріптестік дамуы кеңейе түсуі қажет ? Б. Смағұлов
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дағдарыс жағдайында мемлекет пен жеке сектордың әріптестік дамуы кеңейе түсуі қажет.
Бүгін елордада өтіп жатқан ІІ Астаналық Экономикалық форум жұмысы барысында журналистерге берген сұхбатында Қазақстан мемлекеттік-жеке секторы әріптестігі орталығының басқарма төрағасы Болат Смағұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дағдарыс жағдайында көптеген мемлекеттер мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестік негізіндегі бастамаларға баса назар аударып отыр. Сонымен бірге көптеген мемлекеттердің дағдарысқа қарсы қолданып жатқан шаралары бойынша мемлекеттің бизнесті қолдауы бірінші орынға шықты. Қазақстанда да бұл бағытта елеулі мәселелер атқарылып, заңнамалық базалар іске қосылды. Ендігі кезекте Қазақстандағы мемлекет пен жеке сектор әріптестігінің даму бағытын ауқымдандырмақшымыз», - деді Б. Смағұлов.
Орталық төрағасының айтуынша, әріптестікті нығайту арқылы мемлекет пен бизнестің өзара даму мүмкіндіктері де кеңейе түседі. Бұл тұрғыда мемлекет үшін қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік қарастырылса, бизнес үшін бұрынғы кезеңдерде мемлекеттік монополия болған ортаға араласу мүмкіндігі туады. «Біз мемлекет пен жеке сектор әріптестігінің болашағы зор болады деп сенеміз. Тек бұл үшін қажетті жағдайды қалыптастыру керек. Ал бүгінгі форум барысында айтылған жобалардың барлығы өзара жауапкершілікті жүктейтін бағдарламалар», - деді Б. Смағұлов.