***
«Егемен Қазақстан» басылымының хабарлауынша, жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан кейінгі серпінді даму баспалдағына қадам басты. Оған есепті кезеңде еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсу деңгейінің 8 пайызды құрағандығы толық дәлел. Мұндай жоғары көрсеткішке ел экономикасының негізгі базалық 6 саласындағы оң жетістіктер мүмкіндік беріп отыр. Яғни, осы кезеңде республикамыздың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, сауда, байланыс және құрылыс салаларындағы экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны жоғары болды. Бірінші жартыжылдықта бұл индикатор 8,8 пайызға артқан.
Ел экономикасының осы және өзге де жетістіктері мен жағымды жаңалықтары жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Бірінші жартыжылдықтағы ІЖӨ өсімі 8 пайыз» атты мақаладан біле аласыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы ретінде Қырғызстандағы жағдайды тез арада қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қолға алып, көмек қолын созуда. Сонымен қатар көршілес, туыс мемлекет ретінде оның экономикасын барынша қысқа мерзімде қалпына келтіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осыған қарай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қиын да күрделі жағдайға тап болған Қырғыз Республикасын осындай кезеңде қолдау үшін арнаулы гуманитарлық қор құру туралы ұсыныс жасап отыр.
***
«Білімді капиталға айналдыруды үйренуіміз керек», дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Құдайқұлов «Айқын» басылымына берген сұхбатында. Оның сөзіне қарағанда, дамыған елдерде халықтың 70-80 пайызы кәсіпкерлікпен айналысады. Сол арқылы мемлекетке салық төлеп, бюджетті толтырып отырады. Ал бізде шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны шамамен 25 пайыздай ғана. Бұл жеткіліксіз. Президент биылғы жылғы Жолдауында 2020 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің деңгейін 40 пайызға дейін көтеру керек деген міндет қойды. Бұл орындалуы керек. «Кем дегенде бұл сала 60 пайызға көтерілуі керек деп ойлаймын. Нақты айтсақ, кез-келген адам кәсіпкерлік іспен шұғылдануы тиіс», дейді ғалым. Оның ел экономикасын дамытуға қатысты осы тектес өзге де пікірлерін «Айқынның» бүгінгі санынан оқисыздар.
Тағы да осы басылымның жазуынша, Корей түбегі тағы дағдарыс үстінде. Ағайынды екі елдің теке-тіресі ушығып барады. Оның
өзіндік себептері де бар. Мәселен наурыз айында сары теңізде оңтүстіккореялық Cheonan атты әскери кеме жарылып, суға батып,
46 матрос қаза тапқан. Кейіннен тексеру барысында бұған кінәлі солтүстіккореялықтар деп танылған. Мұның арты сол кезде үлкен соғысқа ұласа жаздап, әрең тоқтаған. Аталмыш мәселе жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Корей түбегі тағы әлем назарында» атты мақаладан қаныға аласыздар.
***
«Алаш айнасы» «Асық ойыны ұлттық спорт деңгейінде дамытылып жатыр ма ?» деген мәселеге алаңдаулы. Басылым тілшілерінің жазуынша, асық ойыны халқымыздың тұрмыс-салты мен мәдениетінің ажырамас бөлігі, ұрпақ тәрбиесінің бір құралы іспеттес болған еді. Халқымыздың «асығың алшысынан түссін», дейтін жақсы тілегі, «қой асығы демегін, қолыңа жақса, сақа ғой» сынды нақылдар осы сөздің айғағы. Оның үстіне асық ойыны балалардың қимыл-қозғалысы мен шапшаңдығын жетілдіріп, мергендікке, жылдамдыққа баулиды. Осыған қарай оның бұқаралық спорт ретінде дамып кетуге әлеуеті зор. Кеңес Одағының солақай саясатының салдарынан кеше ұмытылып кетуге шақ қалған спорт түрі бүгінде қалай дамып келе жатыр. Бұл мәселе төңірегінде түрлі сала мамандарының пікірлерін «Алаш айнасының» бүгінгі санынан біле аласыздар.
«Кенесарының түбіне жеткен Ресей патшалығы емес, қазақтың өзі», дейді Кенесары қорының президенті Уәлихан Қайсаров. Оның пікірінше, патшадан сый дәметкен сатқын сұлтандарымыз Қырғыз манаптарын пайдалана отырып, өз қолымен ұстап берген. Бұлар реті келгенде кедергі келтіріп, қиын-қыстау сәттерде көмек бермей, жаумен алысқан шешуші ұрыстарда Кенесарыны қолдамай майдан даласын қасақана тастап кетіп отырған. Қазақстың соңғы ханының өміріне қатысты тың деректер жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қырғызстанның оңтүстігіндегі қайғылы жағдайларға байланысты Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Қырғызстанның оңтүстік өңірлерінен 50 баланы елімізге алып келіп, олар Жамбыл облысында орналасқан «Тау самалы» балаларға арналған сауықтыру кешенінде дамалатын болады.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, елордада соңғы уақытта айлық жалақыны уақытында бермеу әрекеттері жиілеп кетті. Сондықтан қалалық прокуратура өкілдері аталмыш мәселеге мониторинг жүргізуді ұйғарыпты. Қолға алынған шаралар елорданың
4 мыңға жуқ тұрғынының 140 миллионнан астам теңгелерін алуларына негіз болып отыр.
***
«Литер» басылымы әлемді тағы бір дағдарыс күтіп тұрғындағын айтып, жар салуда. Басылым тілшілерінің хабарлауынша, әлемдегі мыңдаған гектер жерлер құрғап барады. Экологтар дабыл қағып, экологиялық апат орын алуы мүмкіндігін болжауда. Бүкіләлемдік
азық-түлік бағдарламасының мәліметтері бойынша әлемнің 80 мемлекетінде 73 миллион адам азық-түлікке аса зәру болып отыр. Ал оларға қажетті азық-түлікті жеткізу үшін 500-ден 800-ге жуық миллион доллар қажет.