ОРАЛ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Дағдарысты еңсеруде Қазақстан ұстанған саясат қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр.
Бұл туралы БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы үйлестіру кеңесінің қазанның 1-і күні өткен отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында ассамблея мүшелері мен ұлттық-мәдени және діни бірлестіктердің жетекшілері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дағдарысқа қарсы бағдарламасы орындалып отырғанын атап өтті. «Жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар да жүзеге асырылуда.
Қазан айының соңында өтетін Қазақстан халқы ХV ассамблеясына дайындық іс-жоспары пысықталып, мақұлданды. Кеңес отырысында ассамблея мүшелерінің Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнату жөніндегі бастамасы да қолдау тапты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).