Дала толы киік өлексесі: Павлодар фермерлері індеттен үрейленіп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауыл мен Май аудандарының халқы киік өлекселерінің дұрыс жиналмай жатқанына алаңдап отыр. Айтуларынша, жабайы жануарлардың өлекселері суаттар мен жайылымдық жерлерді ластап, төрт түлік арасында түрлі індеттің тарауына себеп болуда.

Фото: БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Баянауыл халқының жанайқайы

Баянауылдық жас фермер Бауыржан Жақыпов жергілікті фермерлердің жанайқайын жеткізді. Айтуынша, тұрғындар суаттар мен жайылым жерлерде жатқан өлекселерді өз бетімен жинауға мәжбүр болып отыр. Өйтпесе, үй түліктері арасында тарап жатқан ауру одан сайын күшейіп, шығынға батамыз ба деп үрейленеді. Ал киікке жауапты мекемелер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері әрекетсіздік танытуда.

Фото: Видеодан алынған скрин

- Жергілікті мал баққан ағайын төрт түлігін шығынға ұшыратып алу қаупі бар. Себебі маң даланы кезіп жүрген киіктер мен түлкілер, өзге де жабайы жануарлар белгісіз бір аурудан қырылып жатыр. Біздің ауданда жабайы жануарлардың өлекселерін жинау жұмыстары қолға алынғанымен, өте баяу жүзеге асуда. Жұмыстарда үйлесім, ауызбіршілік жоқ. Мал шаруашылығын сақтап қалу мақсатында бұл әрекетті ширату керек. Фермерлердің көбі малды несиеге сатып алған. Ертең аяқ астынан ауру тарап, түлігіміз шығын болса, ешкім жауаптанбайтыны айдан анық. Сондықтан бұл мәселеге жауапты органдар назар аударуы керек деп есептейміз, - дейді ол.

Тұрғын өз шаруашылығына тиесілі бір мың гектар жерден 60 өлексе жинаған. Оларды бөлек аумаққа үйіп, мал жоламайтындай оқшаулап қойған. Мамандар келсе, көрсетпекші. Аумақта, жалпы алғанда Баянауыл ауданының далалы жерлерінде жиналмаған киік өлекселері әлі де көп көрінеді. Алда жаз келе жатыр. Өлекселер ыстық күндері одан әрі бүлініп, ауру тарап, өңірде үлкен мәселе туындайтыны анық. Оның үстіне өзен жағалай қырылған киіктер суаттарда түрлі аурудың таралуына себеп болып отыр. Өлген ақбөкендердің таңдайына, тұяқтары мен мүйіздерінің арасына жара шыққаны байқалады. Ендеше олардың өліміне әлдебір індет әсер еткен болуы керек деп пайымдайды ол.

- Мынау көршілес қыстақтардың маңайында жусап жатқан ақбөкендерді жүздеп санауға болады. Бірақ оларды жинап жүрген билік өкілдерін көрген емеспіз. «Шеңгелді» қыстағында мал ұстап отырған азаматтар 70 бас қара малдың 50-і ауырып тұрғанын, індеттің киіктен келіп отырғанын айтады. Малымызды жыл сайын вакциналаймыз. Ал даладағы киікке ешкім екпе салмайды. Ендеше түліктерімізге індет киіктен келіп жатыр деген сөз, - деп қосты Б.Жақыпов.

Ал Май ауданындағы «Береке» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бейсе­ке­нов киіктер көктемнен күзге дейін шабындықтар мен жайылымдарға жаудай тиетінін айтады. Мәселен былтыр қырдағы шабындықтардың біразын көтерілмей тұрып жайпап кеткен. Ал қыста жүздеген киік сай-салада жусап қалған. Ол уақытында жиналмаған соң иістеніп, түрлі аурудың ошағына айналады.

- Әсіресе суаттарда әлі күнге өлекселер жатуы мүмкін. Оны ешкім тексермейді, жауапты органдар тек тұрғындардың шағымынан соң қозғалады. Былтыр суаттан су ішкен бірнеше жылқым тырапай асып өліп қалды. Кейін ол жерде киіктің өлексесі жатқаны анықталды. Өлген киіктердің барлығы дұрыс жиналмайды, сай-салада әлі де түз жануарларының өлекселері жатыр, - деп қынжылды шаруашылық иесі.

Киіктен індет тарап жатқаны рас па?

Өңірлік ветеринария басқармасының ақпарынша, аймақта киіктерге қатысты қауіпті аурулар тіркелмеген. Жыл басынан бері қара малға құтыру, сібір жарасы, аусыл, нодулярлық дерматит ауруларына қарсы вакциналар салынған. Бірақ өлген киіктерден індет тарап жатыр деген деректер анықталмаған.

- Жұптұяқтыларда кездесетін індеттердің кез келгені киіктен үй жануарларына жұға береді. Ал жыл басынан өлген киіктердің белгілі бір аурулардың тарауына себеп болуы туралы ресми ақпарат жоқ. Ондай жағдай бола қалса, «Охотзоопром» мекемесі өлекселерден сынама алуымызды сұрайтын еді. Әзірше ондай өтініш тіркелмеді. Жыл басынан облыста түрлі аурудан, көтерем болудан 89 мал өлген. Оның ішінде 22 бас Баянауылға, 27-сі Май ауданына тиесілі, - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Бейсенов.

Павлодар облысының аумағында Бетпақдала популяциясына жататын киіктер мекендейді. Негізгі төлдеу және көші-қон аумақтары Май, Баянауыл аудандары мен Ақсу, Екібастұз ауылдық аймақтарында орналасқан. Соңғы бір жылда олардың саны 4 есеге жуық өсіп, 120 мыңға жеткенін жазғанбыз

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, киіктерді қорғау, олардың жай-күйін мониторингілеу бойынша өңірлік жедел штаб құрылған. Жыл басынан бері инспекция қызметкерлері, «Охотзоопром» РМКҚ, ауылдық округтер әкімдіктері, ветеринарлық қызметтер және құқық қорғау органдары өкілдерінен құралған мүдделі ұйымдар тарапынан киіктердің 664 өлексесі жиналып, жойылған.

- Өлген киіктердің анықталуы бойынша келіп түскен барлық ақпараттар жедел түрде бірлесіп қарастырылып, тиісті шаралар қабылданады. Осыған байланысты елді мекендерге жақын жерлерде киіктердің табиғи шығыны, яғни өлуі тіркелген жағдайда, тұрғындардың жергілікті ауыл әкімдеріне хабарласуын сұраймыз. Бұған дейін қырылған киіктерді көзбен шолып қарау барысында жануарлардың табиғи себептерден өлгені болжанған. Барлық өлекселер жабайы жыртқыштармен ішінара бүлінген. Олардың барлығы Баянауылдағы арнайы мал қорымдарында өртеліп, жойылды. Ал жаңадан анықталған өлекселер бойынша ақпарат жедел түрде қарастырылып, тиісті шаралар қабылданып жатыр, - деп хабарлады инспекциядан.

Ветеринарлар өлекселерді қалай жою керектігін білмейді

Шындап келгенде баянауылдық ветеринарлар киік өлекселерін қалай жинап, жоюдың жолдарын білмейді. Себебі бұл міндет олардың қызметтік нұсқаулықтарында жоқ. Ауданда киік өлекселерін жинап, жоюға қаражат та қарастырылмаған. Жергілікті әкімдер мен жеке тұрғындардан өтініш түскен кезде ғана қимылдап, тиісті ветеринариялық-санитариялық әрекеттерді жүзеге асырады.

- Әр шаруашылықтың өзіне тиесілі жері болғандықтан, оның санитариялық жағдайына шаруа иелері өздері жауап беруі тиіс. Өлекселерді жинап, жою біздің құзыретімізге жатпайды. Тіпті бұл тұрғыда біздің тәжірибеміз де жоқ. Біздің мамандарымыз үй жануарларының диагностикасы мен профилактикасына ғана жауапты. Жыл сайын киік өлекселерін жинауға ветеринарлар мәжбүрлі түрде қатысады. Алайда олар өздерінің негізгі жұмыстарынан кетіп, сай-саланы кезіп жүре алмайтынын ескеруіміз керек. Бұл үшін оларға қосымша еңбекақы да төленбейді, - деп мәселені ашық жеткізді Баянауыл аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Наурызбай Дәулетов.

Маман бұл орайда өңірлерге киік өлекселерін жинау үшін бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, бригадалар құрылуы керек деп есептейді. Бұған қоса өлекселерді өртейтін арнайы қорымдар да қажет. Оларды ауылдардың маңындағы қорымдарға апаруға болмайды, індет тарап кетуі мүмкін. Сондықтан қосымша аумақтық ветеринариялық-санитариялық талаптар ауадай қажет.

Ғалымдардың тұжырымы бойынша жыл сайын киіктердің шамамен 40 пайызына дейін табиғи түрде өліп, киік табындарының саны реттеліп отырады екен. Бірақ соңғы жылдары олардың қырылуы 10 пайыздан аспай келеді. Павлодар облысында киік санының өсіп келе жатқанын ескерсек, «Охотзоопром» мекемесінің басшылығы қырылған киіктердің көбеюі заңдылық деп есептейді. Былтыр еліміз бойынша 4 млн киік бар екені анықталса, биыл саны одан әрі көбейе түсуі әбден мүмкін. Себебі жануарлар жаппай төлдей бастаған.

Фото: Видеодан алынған скрин

- Негізі киіктер санының табиғи реттелуі ерекшелігіне сүйенетін болсақ, Павлодар облысында қырылған 600-ден астам киік ештеңе емес. Кей өңірлерде олар мыңдап қырылды. Одан тараған ауру жоқ, жергілікті атқарушы билік қам-қарекетінше өлекселерін жинап алып жатыр. Тұрақты мониторинг жүргізілуде, анықталған өлекселерді жинау бойынша жергілікті атқарушы органдармен байланыс орнаттық. Жеке азаматтарға айтарымыз, киік өлекселерін өз беттеріңізбен жинауға болмайды. Олар туралы жергілікті әкімдер мен ветеринарларға хабарлау керек. Себебі оларды жинау, жою барысында арнайы акті толтырылып, еркегі мен ұрғашысы жеке есепке алынады, - дейді «ӨБ Охотзоопром» РМҚК жануарлар дүниесін қорғау қызметінің басшысы Ербол Жапаров.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында биыл қырылған киіктердің саны үш есе көп