Дамудың негізгі локомотиві жеке сектор болуы қажет - К.Мәсімов

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазіргі кездегі негізгі назар жеке секторды дамытуға ауысуы тиіс. Бүгін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осылай деді.

Үкімет басшысы дағдарыс кезінде атқарылған жұмыстардың негізгі үлесі мемлекеттік ресурстарға жүктелгенін айта келе, "ал енді қазіргі кездегі назар жеке секторды дамытуға ауысуы тиіс" екенін қадап айтты.

Премьер-Министрдің пайымдауынша, дамудың негізгі локомотиві жеке сектор болуы қажет. Сондықтан, бүгінде қалыптасқан өзара іс-қимыл ары қарай жалғасып нығаюы тиіс. Алқа мәжілісі соңында К. Мәсімов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің 2010 жылдағы жұмысын жақсы деп бағалады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы өзінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевпен ведомствоның алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына негізделген меморандумды бекітті.

Айта кетейік, жыл басынан бері министрліктер мен ведомстволарда өтіп жатқан алқа мәжілістерінде Премьер-Министр әр министрмен осындай меморандумдарға қол қойып келеді.