Заң жобасының негізгі мақсаты әріптес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Қазақстанның ол елдерге дамуға ресми көмек көрсетуі процесінде туындайтын қатынастарды құқықтық реттеу болып табылады. Сонымен қатар, заң жобасында негізгі ұғымдардың айқындамалары ашып көрсетіледі, дамуға ресми көмектің мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен секторлық басымдықтары белгіленеді.
«Бұл құжат ұлттық заңнамада ғана емес, ТМД кеңістігінде бірегей. Өйткені, ТМД елдерінде тек екі мемлекетте, Ресей мен Әзербайжанда ғана дамуға ресми көмектің жүйесі бар, алайда ол елдердің өзінде толыққанды заң жұмыс істеп тұрған жоқ. Қазақстан өңірде бұл бағыттағы ең бірінші жұмыс істейтін мемлекет болып отыр десек артық емес. Сондықтан да, заң жобасын әзірлеу барысында әлемдік тәжірибелерге сүйендік», - дейді Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Құжат бойынша дамуға ресми көмекті реттеу жүйесі нақты регламенттеледі. ҚР Үкіметінің, уәкілетті орган ретінде Сыртқы істер министрлігінің дамуға ресми көмек саласындағы құзыреті айқындалады. Ал осы саладағы Қазақстанның мемлекеттік саясатын іске асыруға қатысатын заңды тұлғаны Үкімет құратын болады.
«Қазақстан ресми көмектер көрсетуді енді ғана қолға алып отырған ел емес. Тәуелсіздік жылдары біздің мемлекетіміз 100 млн. долларды құрайтын түрлі формалардағы көмектер көрсетті. Алайда, жүйеліліктің жоқтығы салдарынан бұл бағытта жоспарлау тиімділігі болмай отыр»,- деді СІМ Е. Ыдырысов.