Данияда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Сіз түске таяу басталған, содан кейін үзіліс жарияланған, жұрт тамақтанып қайтқаннан кейін қайта жалғасқан, сөйтіп, бас-аяғы бес жарым сағатқа со­зыл­ған концертті көріп пе еді­ңіз?

Көре қоймаған шығарсыз. Біз көрдік. Сондай бола ма өзі деп отырған шығарсыз. Болады. Егер ол концертті қазақтар қой­са. Егер ол концерт қазақтар үшін қойылса. Егер ол концерт­тің залында атамекеннен келген сүйікті орындаушыларын са­ғы­на тосқан қазақтар отырса.

Жексенбінің кешінде Дания­ның Аархус қала­сын­да Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы аяқталды. Біз айтып отырған концерт құрылтай қонақтарына арналған еді. Түске дейін осын­дағы аз үй қазақтың ұл-қыздары әлдері келгенше ән шырқады, бұралып би биледі, түстен кейін сахна төрі Қазақстанның өнер шебер­ле­ріне тиді. Әуел баста концерт бір сағаттың о жақ, бұ жағында аяқталады дегеніміз, қол бо­саған соң кешкі қаланы аралап қайтпақ ойымыз жайына қалды. Түстен кейінгі кон­церт­тің өзі артық-кемі жоқ үш са­ғат­қа созылды. Ұлттық өнеріміздің бүгінгі жарық жұл­дыз­дары Қы­дыр­әлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, қоңыр дауыстарымен аз жыл­дың аясында-ақ қалың қазақтың жүрегін жаулап үлгерген «Қоңыр» тобы тыңдау­шы­лар­дың құлақ құрышын қан­дырды, қыза-қыза келгенде концертіңіз кәдімгі тойға айналып, әнге қосыла билеген жұрт тіпті сахнаға да шығып кетті. Бұл нені көрсетеді? Алыстағы ағайынның ата­жұрт­ты аңсаған сағынышы басылма­ға­нын көрсетеді. Қазақтың бірлігін, ынты­мақшыл тірлігін көрсетеді.

Біз Данияның Копенгагеннен кейінгі екінші қаласы саналатын Орхусқа жұма­ның кешінде, сол күні таң сәріде Алматыдан шығып, Мәскеу, Гамбург арқылы жеті сағаттай ұшып, Гамбургтен бері қарай автобуспен бес сағаттай жүріп, кештетіп жеткен болатынбыз. Кешкі дастар­қан­нан кейін ұйқыға құлай кететіндей көргенбіз. Қайдан. Сағына тосып отырған ағайын қиылып отырып Қыдырәлі мен Қарақатқа бірнеше ән орындатқызды, өздері де ауылдың алты ауызын айтты. Әуелде:

 

Аужар басын сұрасаң былай болар, жар-жар-ай,

Қой көшкенде тынық су лай болар, жар-жар-ай.

Жылама деп айтасың маған халқым, жар-жар-ай,

Ата-анадан айырылған қалай болар, жар-жар-ай,

 

деген сияқты аужардан бастап еді, бара-бара:

 

Айт десеңіз айтайын пайдаменен,

Бұрынғыдай заманым қайда менің,

Ағайыннан айырылып, қайғы жұттық,

Тілім-тілім жүрегім, қайран елім, -

деп тұрып аңыратты-ай келіп. Сай-сүйе­гіңді сыр­қырататын сол сырлы сарынды тұтас келті­ріп жатуға орын тар. Диктофонымызда қалған ол шумақтарды айтқан апамыздың аты - Қа­лима. Мюнхеннен келіпті. Алты баласы бар. Үш қыз, үш ұл. Қытайдың Баркөл жағынан 1954 жылы Түркияға өткен екен. Аужарлатып алдымен айтқан апамыздың аты - Амангүл. «Құдай Ауғанстанда бер­ген мені. Қашып барғаннан кейін бір жылдан кейін бе, екі жылдан кейін бе туыппын. Аман-сау өттік деп атымды Амангүл қойыпты», дейді апамыз. «Сүйе­гіміз Әлім. Жанғожа деген бар емес пе? Сол кісі біздің бабаларымыз. Шекті Жанғожа. Маған бірақ бұл жақтан шекті табылмады. Шешем керейіттің қызы еді, бұл жақта керейіт те жоқ екен. Басқаларға ағайын табылды, маған табылмады», деп жас адамдай жарқылдап күліп қояды өзі. «Онда қазақтың бәрін ағайын деп санаңыз», дейміз. «Сөзің рас, шыра­ғым, қазақтың бәрі ағайын ғой», деп қай­тадан сабырлы, ойлы қалпына түседі. Осындағы бар шаруаның басы-қасында Амангүл әженің немересі Нұрарман жүр. Келген күні қазақстандық делегация мүшелерін қала мэрі Яаков Бундсгаардпен кез­дес­ті­ріп жүрген де сол жігіт. Нұрарман осын­дағы іскер топтардың біразын де­меу­шілікке тартып, солардың лого­тип­терін буклетке шығарып та қойыпты.

Мұндағы қай адаммен сөйлессеңіз де толғанбай-тебіренбей қала алмайсыз. Бәрі разы. Шүкіршілік айтады. Бүгінгі бақытқа тәубе дейді. «Әкемнің туып-өскен жері Қармақшы, өзім Ауғанстанда туғанмын. Одан Түркияға, одан Керманияға өткенбіз. Төрт балам бар, ағайынды көріп қуанып жатырмыз. Отанымызға тыныштық берсін, патшамызға ұзақ өмір берсін. Еліміздің туын көтеріп келгендеріңізге рахмет. Сіздердің қызметтеріңізде жүрміз. Алла тағаланың арқасында амандықпен осылай жүре берейік», деп тілегін ақтарады Тәура Қарабазар деген апай.Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың құрыл­тайға қатысушыларға құт­тық­тауын Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығы Төр­ағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев оқып берді. Құттықтауды мұндағы жұрт демін ішіне ала тыңдады. Осы жауапты қызметті біраз жылдан бері абыроймен атқарып келе жатқан Талғат Асылұлының ел сәлемін жеткізуі де толқы­тар­лықтай болды. Қа­зақстан Республикасының Гер­маниядағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Нұрлан Он­жа­новтың сөзі де әсерлі шықты. «Осыдан талай жыл бұрын, сексенінші жыл­дар­дың басында Берлиндегі Гумбольдт уни­вер­ситетінде оқып жүрген кезімде мен алғаш рет шетелдік қазақ диас­пора­сының Батыс Бер­лин­дегі өкілдерімен та­нысқан едім. Бүгінгі мерекеге солар­дың кейбірі­нің балалары қатысып отыр» деп бастаған Нұрлан бауырымыз: «Ай көрмесең ағайын жат, жыл көрмесең жолдасың жат» деген нақыл сөзді мықтап есте ұстаған қазағымыз сол ауыр жылдарда да бірін бірі ұмыт­пады, жер­лестік, туыстық байланыстарын үзбеді, құмға сіңген судай Еуро­падағы басқа ірі ұлттарға жұтылып кетпей, ұрпақтарының жүрегіне Орталық Азиядағы қазақ деген ұлттың өкілі екендерін, Қазақстан деген атажұрты бар екенін мықтап құя білді. Енді, міне, жиырма жыл бұрын қол жеткен тәуел­сіздіктің арқасында дүниеге тарыдай шашырап кеткен қазақ жиналып, ауылдан ат терлетіп арнайы үкімет делегациясы келіп, Дания жерінде ұлан-асыр той жасалып жатыр» деп кеңінен толғады.

Еуропа қазақтары кәрі құрлықтағы өзіміз сияқты ағайындардың бізге қы­зы­ға, қызғана қа­райтынын жақсы біледі. Көп елдердің қан­дас­тарға қарайласу, қолдау тұрмақ, қарауға қауқары болмай тұрғаны­нан да хабардар. Ана бір жылы, Мюн­хен­дегі құрылтайға келгенімізде сол жиынға қатысқан белгілі өзбек жазушысының бұл жайындағы пікірін репортажымызда жаз­ға­нымыз да бар. Иә, Ел­ба­сының ойында елдің қамы десек, сол көп қам-қаре­кет­тің бел ортасында отандастармен жұмыс тұр. Отандастармен жұмысты тек оларды атамекенге оралтумен тұйық­тап тастауға болмайды. Олай қарасақ, осы Еуропадағы бүкіл қазақ елге түп-түгел көшіп барса да жыр­ты­ғымызды жауып тастамайтыны белгілі.

Еуропа қазақтары үшін бүгінгі таңдағы ең басты нәрсе - ұрпағының ана тілінен айырылып қалмауы. «Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды» дегендей, біз тәуелсіздік туын тігіп, әлем айдынына шыққанда жаһандану желі соға бас­тады, жаңадан мемлекет құра бастаған біз тұрмақ, дербес тарихы ғасырларға кететін елдерге де ұлттық дара сипаттардың шайылу қаупі төне түсті, ол аз болғандай, қайта-қайта қайы­рылып келіп тұрған қар­жы дағ­дарысы кім-кімді де бәрінен бұрын өз басының, тіршіліктің қа­мын қаузауға мәжбүрлеп барады. Солай болған­дық­тан, Даниядағы құрылтайда да ең көп ай­тылған мәселе - тіл мәселесі.

Осы орайда елшіміз Н.Онжановтың бастамасы бойынша құрылтайға қа­тысу­шы жастардың арасында «Қазақ тілін бі­лесің бе?» деген атпен конкурс ұйымдас­ты­рылғанын, оған қатысқан қырыққа жуық ұл-қыздарымыздың жап-жақсы сауат­тылық танытқанын, оза шық­қан­да­рына (бірінші орын ұлы­бри­таниялық Сафа Жанал­тайға, екінші орын франциялық Мәдина Үй­сел­ге, үшін­ші орын даниялық Әмір Аюбиге тиді) мына жақтағы талай зиялының қолы жетпей жүрген «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың батырлық жыры» сияқты аса құнды дискілер дестелерінің сыйға тартыл­ға­нын разылықпен айтамыз, алдағы құ­рыл­тайлар өтетін елдердегі елшілер осы бастаманы жалғастырып кетеді деп сенеміз.

Айтқандай, алдағы құрылтайлар де­мекші, Даниядағы құрылтай осы істі бір жүйеге салып бергенімен де есте қалуға тиіс. Біз осындай құрылтай­лар­дың талайына қатысқанбыз. Вестероста да, Парижде де, Мюнхенде де, Ослода да құрылтай аяғы келесі құрылтайдың орны жөніндегі пікірталастарға ұласып кетіп жататынын көргенбіз. Бұл жолы алдағы он жылдың кіші құрылтайларын өткізудің жай-жап­са­ры қаралып, осы шаруаның тізбесі түзілді.

Сонымен, Еуропа қазақтарының кіші құрыл­тайлары енді мына ретпен өткізі­ле­ді: 2013 жылы - Париж, 2014 - Амстердам, 2015 - Берлин, 2016 - Кельн, 2017 - Мюн­хен, 2018 - Осло, 2019 - Лондон, 2020 - Вена, 2021 - Стокгольм, 2022 - Аархус. Бәлен жыл бұрын біле тұрып, көңілдегідей дайындала алмадық деп айта алмайтының анық. Бір атап айтарлық жай, биылғы кіші құрылтайға Президент Н.­Ә.На­зар­баевтың тікелей тапсырмасы бойынша Қа­зақ­стан Үкіметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы қомақты қолдау көрсеткен. Бір жағынан елшілік те нақты қамқорлық жа­саған. Сонымен бір­ге, бұл көмек ендігі жерде алыстағы ағайынды құрылтайларды Қазақ­станы­мыз өткізіп беретін болды ғой деп бо­са­ң­сытып жібермесе деген алаң көңіліміз барын да жасырмайық. Бір жақсысы, көп дүниеге тү­сіністікпен қарау белең алғаны. Талғат Мамашев басшылығы­мен өткізілген дөң­гелек үс­телде көптеген мәселелер нақты талқыланып, шешімін тапты немесе шешімін табудың жолдары ойластырылды.

Бұрын келгендерімізде «Газетті қа­лай жаздырып аламыз, бағасы қаншаға түсе­ді?» дегендей сұрақтармен де мазалап жататын жұрт енді «Егемен Қазақ­станның» сайтынан мақалаларды сол күні-ақ оқып алатын болғанына разы­лық­тарын білді­ре­ді, ал біздің таяудағы екі айдан бері бұл басылымның бүкіл әлемдегі қазақ атаулы түгел оқи алатын тұңғыш газетке айнал­ға­нын, яғни газет сайты үш әліпбимен - кириллицамен, латынмен және төте жазумен шыға бастағанын, ондағы әрбір мақаланы бастырып алуға мүмкіндік бар екенін айтқанымызға тіпті қуанысып қалды.

Әрине, қазақ - Африкада да қазақ. Мұндағы ағайынға да біздегі бауыр­лары­ның енжарлығы атымен тән емес деп айта алмаймыз. Қауым­дас­тық қам­қорлығымен арнайы мұғалім жіберіліп, қазақ тілін оқыту ұйымдастырылғанда да әуелде біраз бала келген сол курстар айналасы аз айдың аясында жабылып қалғаны, ондағы негізгі себеп курс орналасқан жерге балаларды жеткізудің қиындығы болғаны айтылды. Сонда енді Қауымдастық балаларды таситын көлікке дейін шешіп беруге тиіс пе? Мәжіліс депутаты, тілдің танымал жанашыры Оразгүл Асанғазы өзі Оң­түстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенінде алыстағы ағайын­ның балаларын жаз айларында елге алдыртып, тілдік ортада қазақшаға үйрету тәжірибесі бол­ға­нын, оны қайта жандандыру әбден-ақ мүмкін екенін айтты. Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Дархан Мыңбай сияқты ұлт­жан­ды, білімді азаматтар барда тіл мәсе­ле­сінің көңілдегідей ше­шілеріне сенетінін де білдірді. Филология ғы­лымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы оқу-әдіс­те­мелік әдебиеттер шығару ісіне Мәде­ниет және ақпарат министрлігі тарапынан қам­қорлық көрсетілетінін, шет елдерде тілді насихаттаудың бір тетігі Конфуций, Гете институттарының үл­гісі­мен Абай институттарын құру екенін қадап көрсетті.

Жылдағыдай биыл да футбол тур­ни­рі ұй­ым­дастырылды. Бірінші орынды Мюнхен командасы иеленді. Екінші орын Данияға, үшінші орын Парижге бұйырды. Оларды марапаттаудың өзі кә­дімгі бір салтанатты рәсімнен кем болған жоқ.

Дания құрылтайы Еуропа қазақ­тары­ның ұлттық сана-сезімін ұштай түсетін, намысын қамшылай түсетін, ата­мекеннің қадір-қасиетін таныта түсетін тағы бір игілікті іске айналды. Құрылтайдың үш күнінде де жастардың жарқын жүзін көріп қуанып жүрдік. Концерт кезінде даниялық бір бала жігіт екі иығын жұлып жеп, поэзияның басын жарып, көзін шығарып, кәдімгі рэпті соғып жатты.

Мен - қазақ,

Кіші жүз ішінде аспан.

Атымды сұрасаң менің Ахметхан.

Данияда қазақтың атын шығартқан.

Жасай бер, Қазақстан!

Қазақстан! Қазақстан!

Бұған не айтарсыз? Жап-жас болып, әніне руын қосқаны несі дейсіз бе, «ас­пан», «Ахметхан», «шығартқан», «Қа­зақ­стан» деген сөздер ұйқасып жарытпайды, мұндай ән мәтіні болмайды дейсіз бе? Ондай талабымызды осы Қа­зақстанда-ақ қойып, орындатып ала­йық­­шы. Сонау жер түбіндегі Аархуста жүріп, тілін, ділін ұмыт­пағаны үшін, тіпті руын ұмытпағаны үшін әлі келгенше ән шығарып, соған өзі сөз жазып, өзі орындап жүрген бауыры­мыз­ға ақ ал­ғы­сымызды айтпаймыз ба, алдымен? Әри­не, солай еткеніміз жөн. Сол әннің өзі залдағыларды «Қазақстан! Қазақстан!» деп айқайлатуға жетіп жатыр. Одан ар­тық не керек? Жаңағы жігіт әнінің дат тілінде айтылатын шумақтарының қа­йыр­масында «Данмарк! Данмарк!» деп те қояды. Саясаттың сыралғысы үшін емес. Дания - туған жері, өскен елі. Ана жылы бұзық ойлы біреуі па­йғам­барымыздың суретін салып, мұсылман дүниесінің заңды ашу-ызасын туғыз­ғаны­мен, тұтастай алғанда, толерантты мемлекет. Тыныш тұрып, түзу жүретін қазақтарда тіпті шатағы жоқ. Айт­қан­дай, дат тілінде демекші, Еуропа қазақ­та­ры федерациясының төрағасы Әбді­қайым Кесижи «дөңгелек үстелде» сөйлеген сөзінде Қауымдастық Төраға­сы­ның бірінші орынбасары Талғат Мамашевқа «ағылшынша, французша өлең жазатын жастарымыз шығып жатыр, тілі басқаша демесеңіз, жаны қазақша жырлар, отаншыл өлеңдер, соларды аудартып, Қазақстанда бастырып беруге көмектессеңіздер» деп өтініш айтты. Осы жерде жақында көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы Немат Келімбетов туралы жазған мақаламызда бір кезде ағылшынтілді қазақ әдебиеті де пайда болуы мүмкін дегендей ой айтқанымыз еске түсті. Сол заман қылаң бере де бастағандай ма, қалай? Тегі, ол өлеңдер жаңа жаза бастаған жастардың апыл-тапыл талпынысы ғана шығар. Әйтсе де, бұл қазақтың ақынжандылығына айғақ емес пе? «Қарсы алған уақытты ежелгі досындай» деп әнұранымызда айтылатындай, қазақтың уақыттың қай сынағына да сақадай сай тұра алатынына көп дәлелдің тағы бірі емес пе?
 
Дерек көз: "Егемен Қазақстан" газеті.