Дәрі сатып алғанда нені тексеру керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтарға дәрілік заттарды қауіпсіз сатып алу, олардың түпнұсқалығын тексеру және қандай жағдайда препараттарды мемлекет тегін беретіні түсіндірілді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек сатып алар алдында бірнеше маңызды жайтқа назар аударуды ұсынды.

Ең әуелі, препараттың Қазақстанда ресми тіркелгенін тексеру қажет. Сонымен қатар қаптамасы бүтін, жарамдылық мерзімі өтпеген және дәрі белгіленген сақтау талаптарына сай сақталған болуға тиіс.

Қаптамада дәрілік заттың атауы, дозасы, дәрілік түрі және тиісті таңбалануы көрсетілуі керек. Ал медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болуға тиіс.

Дәрінің түпнұсқалығын қалай тексеруге болады?

Препараттың Қазақстанда тіркелгенін Мемлекеттік дәрілік заттар тізілімінен — register.ndda.kz арқылы тексеруге болады.

Ал дәрінің түпнұсқалығын және таңбалау жүйесіндегі мәртебесін DariKz және Naqty Onim мобильді қосымшалары арқылы қосымша тексеруге мүмкіндік бар.

Министрлік дәрі-дәрмекті тек оны сатуға заңды құқығы бар дәріханалардан және тиісті сауда орындарынан сатып алуға үндеді. Әлеуметтік желілердегі парақшалардан, хабарландырулардан немесе белгісіз интернет-сайттардан дәрі сатып алғанда аса сақ болған жөн.

Еске салайық, бұған дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісі 37%-ға артқанын жазғанбыз.