Дариға Назарбаева бастаған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті СҚО-да көшпелі отырыс өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 15 сәуірде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Солтүстік Қазақстан облысында көшпелі отырыс өткізеді.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Бүгін мәжілісмендер облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастауымен Петропавл қаласында облыстық балалар ауруханасында есту қабілетінде кемшіліктері бар балаларға арналған Қалпына келтіру бөлімінде болды. Онда оңалту бөлімінің жабдықталуымен танысып, бүлдіршіндермен кездесті.

1986 жылы облыстық ауруханадан ашылған Орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларды оңалту бөлімі үздіксіз жұмыс істеп келеді. Тек 2013 жылдың өзінде 2101 пациент ем алды, сонымен қоса 6536 пациентке кеңес берілді. Бөлімшедегі құрал-жабдықтар Ұлыбританиядан әкелінген. Мұнда 1-3 жас аралығындағы тірек-буындары науқасқа ұшыраған балақандарды KIDS тренажерлар сериясымен емдейді. Кішкентай пациенттер үшін бассейн және тұз шахтасы, электронейромиография бөлмелері қарастырылған. Биылғы жылдың қаңтарынан галокамера іске қосылған.

Енді осы оңалту бөлімшесінде Орталық жүйке жүйесі зақымданған балалардың денсаулықтарын қалпына келтіруге зор мүмкіндіктер туылып отыр.

Сейсенбі күні парламентшілер облыс орталығында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысын өткізеді. Күн тәртібінде қаралатын мәселе - Қазақстан Республикасындағы мүгедектердің өмір сүру жағдайын жақсарту мен құқығының қорғалуын қамтамасыз ету бойынша 2012-2018 жылдарға арналған Ұлттық жоспарының жүзеге асырылуы.