Дариға Назарбаева Қостанайлық меценаттар клубына кіру ниетін білдіріп, оның есебіне 50 мың доллар көлемінде жарна аударды

ҚОСТАНАЙ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапардың негізгі мақсаты - Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын түсіндіру.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, бірнеше қоғамдық бірлестіктердің басшылары Д.Назарбаевамен бірге отбасылық типтегі «Жанұя» балалар үйіне, облыстық балалар үйінде, онкологиялық диспансерде, жаңа көпсалалық ауруханада болды.

Олар кеше Омаров атындағы облыстық Қазақ драма театрына барды. Онда Қостанай меценаттары клубының тұсаукесері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті.

Дариға Назарбаеваны меценаттар клубын құру идеясы қызықтырды, ол оның құрамына кіру ниетін білдіріп, есебіне 50 мың АҚШ доллары көлеміндегі бастапқы жарнаны аударды.