Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиеваның анықтағанындай, 1954 жылы Ленинградта медицина жоғары оқу орнын үздік бітірген жас маман қаладағы беделді ауруханаларда орналасуға мүмкіндігі бола тұра, жастық жалынымен өзі мүлде көрмеген алыс Қазақ жеріне жол тартты. Облыс орталығынан алты жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан Орда ауылына жұмысқа тұрады.
Ол кезде Орда учаскелік ауруханасында жалпы, балалар, хирургия бөлімдері, перзентхана және екінші ғимаратта өкпе ауруларын емдейтін бөлім болған. Қиюы қашқан аурухана ғимаратын көрген жас маманның бірден қолға алғаны - Ленинградтағы інісі Александрды шақыртып, онымен бірге келген достарына ғимаратты жөндетуі болатын. Сол кездегі аурухананың бас дәрігері Александр Александрович Герасимовпен бірге (1912 жылы Киев университетінің медицина факультетін бітірген ол Орда ауруханасында 1914 жылдан өмірінің соңына, яғни 1965 жылға дейін еңбек еткен) талай науқастың ауруына шипа іздеп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетті. Жасы сол кездері жетпіске таяған А.А.Герасимов қабылдауға келген науқастарды қарап, қажетті емін жазып беретін де, Т.Александровна ауруханадағы науқастардың ем-домын жасап, әрі жедел шақыртуларға барып, инесін салып, емін жасап, қажет жағдайда аурухана алып келетін. Ордадан қашық орналасқан құм ішіндегі елді мекендерге болса түйемен, болмаса жаяулап барып медициналық қызмет көрсететін. 1957 жылдан бастап Орда ауруханасының бас дәрігер болып тағайындалады.
Соғыстан кейін ел ішінде әлі де қиыншылықтар бар уақыт еді. Ауруханаларда дәрі-дәрмек тапшы болатын. Ордадағы дәріхананың қызметкері А.Денгизбаев мүмкіншілігінше дәрігерлерге көмектесіп отырды. Т.Александровна демалыс алып, Ленинградқа барған сайын сөмкесін қолға түсе бермейтін дәрі-дәрмекке толтыра келетін. Әр ай сайын отбасына жалақысын поштамен жіберіп, жәшік-жәшік медикаменттер алдыратын. Бірақ бұл да жеткіліксіз еді. Өте білімді әрі аз жылдың өзінде тәжірибе жинақтап үлгірген дәрігердің науқасты емдеуге қажет дәрінің жоқтығынан бармағын тістеп қиналған кездері де болды.
Ұшқан құс қанаты талатын жердегі ауылға келген дәрігер орысының өзі қазақша сайрайтын ауылды жатсынбай, тілін меңгерді. Мамандығы дәрігер-педиатр болса да, дәрігер жетіспеушілігіне байланысты жергілікті тұрғындардың бәрін де қабылдайтын. Орда ауруханасында 1954-1961 жылы дүниеге келген талай нәрестелердің кіндігін кесті.
Мінезі жұмсақ, айналасына мейірім шашып, қамқорлап тұратын Татьяна Александровна жұмыста темірдей тәртіпті талап ететін. Қарап-емдеумен қатар, аурухананың тазалығы, бөлмелерді желдету, медициналық құралдарды зарарсыздандыру, перзентханадағы аналар мен балаларға арналған заттарды қайнату сияқты жұмыстарды уақыт тауып қадағалап отыратын.
Отбасы Ленинградқа қайту жөнінде қанша өтініш жасаса да, Татьяна Даубарг құм-шағылды, қарағайлы орманы бар, жүлде алған жүзімдігі бар екінші туған жеріндей болып кеткен Ордасынан кетпеді. Өмірлік серігін де осы жерден тапты. Ордалық қазақ жігіті, Орал педагогикалық институтының тарих факультетінің түлегі, жас мұғалім Мәди Бекежановпен отбасын құрды. Өзі де ана болып Сергей есімді ұлды дүниеге әкелді. Жас отбасы аурухана қызметкерлеріне арналған қызметтік үйде тұрды. Бірақ отбасылық жағдайға, ауылдағы тұрмыс қиындығына қарамастан, қызметін мінсіз атқара берді. Кей кездері ұлына да қарайтын шамасы болмай ауруханада санитарка болып жұмыс жасайтын Мәстура Ерешеваға аманаттап кететін. Марқұм Мәстура апай өзі жұмыстас болған дәрігер туралы көзіне жас ала, үнемі елжірей айтып отыратын. Ордалықтардың Татьяна Александровнаны көзі көре қалғандары оның есімін қимастықпен еске алады. «Татьяна Александровна - менің жадымда мәңгілік сақталып қалар асыл адам. Оның емделушілеріне қарауы, әсіресе, ана мен баланы қамқорлауы ерекше еді. Ондай аса қамқор, емделушілері үшін күн-түн ұйықтамай, ауруынан айығып кеткенше бәйек болатын дәрігер болса, онда осы Т. Александровна дер едім. Баланы дүниеге әкелетін ананы уақытымен аурухана жатқызып, оларды бақылаудағы тәртібі алабөтен болатын. Аурухананың іші-сыртымен қатар, емделушілердің де тап-таза болуын қатаң қадағалайтын. Мен өзім үлкен қызым мен одан кейінгі ұлымды осы Т.Даубарг дәрігер болған кезде дүниеге әкелдім. Алғаш сәбилі болғаннан кейін қатты ауырғанымда, анамдай қамқорлап қарап, емдеді, кейін маған Эльтон шипажайына барып, балшықпен емделуге кеңес берді және талап етті. Осындай талапшылдығының арқасында ауруымнан айығып, өмірге 6 ұл-қыз әкелдім. Бүгінде солардың қызығына кенеліп отырған жайым бар. Оның барлығы біріншіден, Алланың, екіншіден, осы Татьяна Александровнаның арқасында дер едім. Шипажайдың кезекті емінен кейін үйіме келіп, ауруханаға барсам, дәрігерімнің үстелінің үстіне қойылған фотосуреті салынған рамаға қара лента байланып тұр екен, жүрегім езіліп, көңілім құлазып, еріксіз еңіреп жылап жібердім», - деп, толғана еске алады Орда ауылының тұрғыны, бүгінде жасы сексенге таялған Ғайнижамал Құспанова.
Иә, Ленинградқа екінші сәбиін дүниеге әкелу үшін кеткен аяулы дәрігер өзінің анасы басқаратын ауруханада тәжірибелі мамандардың емдегеніне қарамастан туған жерінде мәңгілік мекенін тапты. Артында аңырап қос анасы, арыстай азаматы, есін енді біліп келе жатқан 5 жасар ұлы Сергей қалды.
Жаманат хабар жеткенде, Ордада көзіне жас алмаған жан қалмады. Ордалықтар ерікті түрде қаражат жинап, Ленинградтағы аяулы дәрігерлерінің бейітінің басына мәрмәрдан ескерткіш тақта орнатты. Дәрігердің еңбегі көзі тірісінде үкімет тарапынан да жоғары бағаланып, жас дәрігерге 1961 жылдың 21 сәуірінде «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі берілгенімен, кеудесіне қадауға тағдыр жазбаған екен.
Татьяна Александровнаның ұлы Сергей Мәдиұлы Бекежанов анасы дүние салғаннан кейін Ленинградтағы нағашы әжесінің қолында болады. Бірақ бір жылдан соң әжесі де дүние салып, Ордадағы әжесінің қолына келеді. Өзінің балалық шағы туралы Сергей Мәдиұлы: «Анамның бейнесі есімде еміс-еміс қана бар. Мен ол кезде небары бес жасар бала едім. Анам о дүниелік болғанда нағашы әжемнің бауырында болдым. Ол қайтыс болған соң мені Ордаға алып келді. Әжемнің тәрбиесінде өстім. Мен Ордаға келгенде қазақша бір сөз білмейтінмін. Әжем орысша білмейтін. Кейін мен қазақша үйреніп кеттім. Әкемді Жәнібекке қызметке ауыстырғандықтан, сонда көштік. Бірақ мен үнемі жазғы демалыста Ордадағы туыстарымызға барып тұратынмын. Маған Ленинградтағы анамның інісі көмегін беріп, үнемі қамқорлап отырды», - деп еске алады. Анасының жолын қуып, медицина саласын таңдаған Сергей Мәдиұлы Ақтөбе медицина институтына түсіп, Томскідегі әскери медициналық институтты лейтенант шенімен аяқтайды. Ұзақ жылдар медицина саласында Қиыр Шығыста, БАМ-ды салған кезде медқызметкер болып еңбек етіп, 1991 жылы туған жеріне оралады. Бүгінде облыс орталығындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК директоры қызметінде жемісті еңбек етуде. «Анамның есімін ұмытпаған ордалықтарға разымын», дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстандағы денсаулық сақтау ісінің тарихы іргесі 1826 жылы қаланған осы Хан ордасы ауылынан басталады. Бұл қызмет қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгірмен тығыз байланысты. 1826 жылы Орынбор фельдшерлер мектебін бітірген, қазақтан шыққан тұңғыш шешекке қарсы егуші С.Жәнібеков Ордада екпе жұмыстарын жүргізді. 1832 жылы Жәңгір ханның өтініші бойынша Бөкей хандығында штаттан тыс дәрігер бекітіледі. Бұл жұмысты дәрігер А.А.Сергачев атқарды. Ол тұрған үй тарихи мекен ретінде әлі сақталған. 1839 жылы Хан ордасында, 1843 жылы Жаңақазан ауылында дәріхана ашылды. 1845 жылы Бөкей хандығында тұрақты дәрігер қызметі бекітіліп, оған В.Ф.Евланов тағайындалады. 1852 жылы оның ұйымдастыруымен қазақ даласында алғаш аурухана ашылды. Хан сарайының қасынан салынған 25 төсектік аурухана кешенінің алты корпусы, екі бөлімі болды. 1908 жылы Хан ордасында обаға қарсы күрес зертханасы ашылды, бұл осы саладағы Қазақстандағы тұңғыш мекеме болатын. 1918-1924 жылдары Бөкей губерниясында 13 дәрігер, 28 фельдшер қызмет етті. Солардың ішінде М.Шомбалов, М.Шолтыров, А.Ниязов, М.Ниязова, А.Герасимов, А.Михайлов сынды белгілі дәрігерлер болды.