Дәрігердің халыққа, науқасқа деген көзқарасын өзгертетін уақыт жетті - Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаев

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының бастамасы бойынша дайындалған «Са­ла­матты Қазақ­стан-2015» мемлекеттік бағ­дар­ламасы жү­зеге асы­рылуда. Денсаулық сақтау жүйесі тұрақты дамып келеді. Ел тұрғындары денсаулығының жыл сайын жақсарып келе жатқанын нақты көр­сет­кіштерден байқауға болады.

Ана мен бала өлімі азайды және адамдардың өмір сүру ұзақ­тығы ұлғайды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Серікбай Нұрғисаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында медицина саласының бүгіні мен келешегі және өзекті мәселелері туралы ойларын ортаға салды.

- Серікбай Өрікбайұлы, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан медицинасы қандай деңгейге көтерілді?

- Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде қанша ілгері басқанымыз көрініп тұр. Қазақстан медицинасы тоқырап тұрып қалды деп ешкім де айта алмайды. Өйткені бүгінгі таңда барлық жерде ауылдан бастап, үлкен ғылыми медицина институттарымыз заманауи технологиялармен жабдықталып жатыр. Жыл сайын қаражат бөлінуде. Біздің жас мамандарымыз, ғалымдарымыз шетелдегі алдыңғы қатарлы білім ордаларында тәжірибеден өтіп, әріптестерімен байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Шетелдің білікті дәрігерлері біздің елге келіп, кардиологиялық дертке ота жасап, қаншама адамдарды ажалдан арашалап қалды?! Әрі біздің мамандарға тәжірибесін үйретті. Бүгінгі таңда, мәселен, 8 мыңнан астам адамның жүрегіне ота жасалды. Қазір тек қана Астанада ғана емес, жүрекке ота жасау облыс орталықтарындағы кардиологиялық ауруханаларда да жүзеге асуда.

Медицина саласының дамуындағы 20 жыл ішіндегі жетістік айтарлықтай. Бұрын біз «Міне, ауру, міне, емдеу орны» дегендей ұғымдармен шектелетін едік. Бүгін алып қарасақ, әлемдік технологияларды пайдалануда дамыған елдермен тереземіз тең болып отыр. Біз олардың жаңалықтарын алсақ, олардың да бізден үйреніп жатқандары бар. Өзге елдермен қарым-қатынас орнатуда Елбасының атқарып келе жатқан қызметі зор. Сондай-ақ ынтымақтастық мақсатта елдердің арасын жақындатуда парламентаралық байланыстың да рөлі бар. Біздің елде бірнеше рет халықаралық деңгейде конференциялар өтті. Мемлекеттік, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар да шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, тәжірибе жинақтау үстінде. Біз әлемдік деңгейге саналы ақыл-ойымызбен, сапалы білімімізбен, болашаққа деген көзқарасымызбен жетудеміз. Бұл ел келешегінің іргесін бірге қалап жатырмыз деген сөз.

Жалпы алғанда, адам денсаулығын көп салалы, көп бағытты табиғаттың күрделі жаратылысы деп ұғыну керек шығар. Ғылым әлі түпкілікті біліп болмаған ғажап құпия десек те болады. Ал белгісіз дүниенің «тамырын» ақырын басып, ретімен абайлап қарау керек. Өйткені адам ағзасына көзге де көрінбейтін кішкентай вирус түссе, оның бүкіл өмірін де алып кетуі мүмкін. Сондықтан да Қазақстан азаматтарының әрқайсысының денсаулығына толық жауапкершілік Конституция бойынша да, Заң бойынша да мемлекеттің қолдауындағы медицинаның мойында. Өйткені ол денсаулық сақтау бағдарламасының әкімшісі. Ал жауапкершілік болған кезде, әрине, басшылардан, министрліктерден, емдеу орындарынан сұрау болады.

Келесі мәселе адамзаттың заманауи технологияның көмегіне жүгінуіне байланысты. Бүгінгі инновациялық жетістіктердің барлығы ғылымның қолданбалы әдісі адамның денсаулығын сақтауға, өмірін ұзартуға бағытталып отыр. Қазір адам ағзасын зерттейтін, диагнозын нақты анықтап беретін алуан түрлі құрал-жабдықтар шығып жатыр. Мен Қазақстан азаматтарының денсаулығын сақтаудағы мемлекеттік көзқарасты айтып отырмын.

- Жетістіктермен қатар ескерілмей келе жатқан қандай мәселелер бар деп ойлайсыз?

- Дәрігерлердің біліктілігін арттырудың маңыздылығы өте зор. Мемлекеттік денсаулық сақтау саласындағы кадр саясаты - өзекті мәселе. Дәрігердің халыққа, науқасқа деген көзқарасын өзгертетін уақыт жетті. Өйткені дәрігер сырқат адамға толық түсінік бермесе де, дұрыс сөйлемесе де, ауырған адам өкпешіл болады, осы жағына көбірек мән беріп, қазақи дәстүрімізді ескеріп, адам сыйлау, алдыңа келген адамның мәселесін дұрыс шешуге шын ықыласыңмен берілуге толық бетбұрыс жасауымыз керек. Дәрігерлерге сондай талап қойылғаны жөн. Қазір Елбасының талап етуімен құқық қорғау органдарында аттестациялау өтіп жатыр. Сол сияқты Денсаулық сақтау министрлігі де медицина саласының қызметкерлерін үлкен сынақтан өткізуі керек деп ойлаймын. Және бір ескеретін жайт, қатардағы қызметкерлермен шектелмей, ұйым басшыларын, бас дәрігерлерді де аттестациядан өткізу қажет. Бұл сынақ көп жайтты анықтап беретін болады.

Мәліметке сүйенсек, елімізде жетпіс мыңға жуық (63855) дәрігер, жүз қырық мыңнан аса (143822) орта медициналық персонал, 1 мыңға таяу (998) емдеу мекемесі бар.

- Мемлекет басшысының осы жолғы халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау мәселесі көтерілді. Медицина саласын дамыту туралы Сіздің пікіріңіз?

- Елбасының әр жылғы Жолдауының мақсаты - еліміздің тәуелсіздігін әрі қарай нығайту. Елдің басты құндылығы адам болса, біздің мақсат - азаматтарымыздың өмірін ұзарту және мемлекетке деген сенімін нығайту. Сол арқылы еңбек етіп, елге үлес қосуына жағдай жасау. Әр азамат өзінің қолынан келгенінше ел тәуелсіздігін нығайтуға қызмет жасауы керек.

Биылғы Елбасы Жолдауында медицинаның алдына қойылған міндет халықтың денсаулығын жақсартуға, өмірін ұзартуға байланысты болды. Нақты тапсырмалар берілді. Салауатты өмір салтын ұстануға барша халықты бағыттаудың маңыздылығы зор. Әлем ғылымы мен білімі және жаңа технология жетістіктері бойынша онкологиялық, кардиологиялық дерттерді емдеу мүмкіндігіне қол жеткізе бастады. Бұл дерттер әлем елдерінің бәрінде де бар. Соған орай ғалымдар да, химиктер де, басқа да зерттеушілер осы дерттің алдын алу, адамды сауықтыру жолында үлкен істер атқаруда. Сондай ауруларға қарсы күреске Қазақстан да атсалысып, дамыған елдерден қалыспай, жүйелі түрде жұмыс жасап жатыр. Тек қана өзге елдер бір аурудың емін тапса, соны пайдаланамыз деп қол қусырып отырған жоқ.

- Халыққа көрсетілетін тегін медициналық көмектің жай-күйіне толығырақ тоқталып өтсеңіз?

- Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелеріне оларды еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыратын мемлекеттік басымдықтар деңгейіне көтере отырып, ерекше көңіл бөледі.

Біздің мемлекетіміздегі азаматтардың денсаулығын сақтауға және заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға конституциялық құқығы бар екендігі нақты айқындалған. Олар тиісті әлеуметтік институттар арқылы белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Қазақстанның тұрақты экономикалық даму және макротұрақтану траекториясына өтуі азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы аталған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға айтарлықтай мүмкіндік беріп отыр.

Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) -Yкімет белгілейтін медициналық қызметтердің тізбесіне сәйкес Қазақстан азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық көмектің бірыңғай көлемі. 

ТМККК барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді қамтиды және бірнеше нысанда көрсетіледі. Бірінші, жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация, екінші, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіледі. Соның ішінде ол алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен консультациялық-диагностикалық көмекті қамтиды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша көрсетіледі.

Сондай-ақ стационарлық медициналық көмек жасалады. Бұл шұғыл емес, жоспарлы жағдайларда алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының жолдамасы бойынша, ал шұғыл жағдайларда жолдаманың болу-болмауына тәуелсіз түрде көрсетіледі.

Халыққа стационарды алмастыратын медициналық көмек те беріледі. Сонымен қатар қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативтік көмек және мейірбике күтімі қарастырылған.

- Қандай жағдайда дәрі-дәрмек тегін беріледі?

- ТМККК бойынша мынадай жағдайларда дәрілік заттармен қамтамасыз ету кіреді: 1) жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде - медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес; 2) амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде - белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен бейімделген емдік өнімдер тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. ТМККК республикалық және жергілікті деңгейдегі бюджет қаражаттары есебінен көрсетіледі.

Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын медициналық қызметтер қатарында стационарлық көмек, стационарды алмастыратын көмек, консультациялық-диагностикалық көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, санитариялық авиация енген. Мұның ішінде көрсетілетін қызметтер республикалық және жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдар бойынша бөлінетінін ескерген жөн.

- Тегін медициналық көмек көрсетуге қандай ұйымдардың құқығы бар?

- ТМККК бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуды тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Үкімет айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады. ТМККК бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бірқатар қағидаттарды сақтай отырып жүргізіледі. Атап айтқанда, осы жоба бойынша көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу үдерісінің жариялылығы мен айқындылығы, әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік, ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер беру, отандық өнім берушілерді қолдау, шарттар жасасуда артықшылық құқығын аккредиттелген денсаулық сақтау ұйымдарына беру.

Демек, осы қағидаттар негізінде медициналық қызметке қатысты әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік және мемлекеттік емес сектордағы барлық денсаулық сақтау ұйымдары ТМККК бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуға тең құқықта қатыса алады. ТМККК шеңберіндегі медициналық қызметтер Қазақстан Үкіметінің деңгейінде бекітілген Тізбеге сәйкес сатып алынады.

- Кеңес өкіметі кезінде көп мәселе саясатта жабық болды. Соның бірі - шығыс медицинасы. Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз шығыс медицинасының жетістіктерін пайдалануға қол жеткізе бастады. Енді шығыс медицинасы туралы пікіріңізді білгіміз келеді.

- Батыс медицинасының аяққа тұрып, дұрыс жолға түсіп, жұмыс істеп жатқанына 150 жылдай болды. Ал адамзат дамуы бірнеше мыңжылдықтарды құрайды. Демек, 150 жылдан бұрын да адамдар емделді. Тарихи қазбалар адамның денесіне, басына ота жасалғанын дәлелдеп отыр. Химия болмаса да, шөптермен емдеу тәсілі болды.

Алла тағала пендесіне өмір сыйлаған кезде оның сырқатын да емдейтін дүниені қатар берген деп есептейміз. Мәселен, жан-жануар ауырды делік. Оны босатып жібере салсаң, өзіне керек шөбін тауып жеп, өзін емдеп, үйге қайтып келеді. Далада жүрген жабайы аңдар да солай емделеді. Демек, табиғатта адам организміне, жан-жануарларға керек дүниенің бәрі бар. Біз де кезінде табиғатқа жақын болдық. Шөптерден дәрі-дәрмек жасап, сырқаттарды емдеді ғой. Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында емші бабамыз: «Бір ғана шөптің пайдасы жоқ. Қалған шөптің барлығының пайдасы бар» деп жазған. Ал біз қазіргі кезде бәрін жоққа шығарғандай жаба салдық та, химиялық жолмен қосындылар арқылы қолдан жасалған дәрі-дәрмектер пайдалануға көшіп кеттік. Химиялық жолмен жасалған дәрі бір жеріңді емдесе, басқа бір ағзаңа зиянын тигізуі де мүмкін. Ал табиғаттан алынған шөп дәрілердің зияны болуы да, болмауы да мүмкін. Бірін жақтап, екіншісін жоққа шығарудың қажеті жоқ, екеуін де эволюциялық даму жолымен қатар алып жүруіміз керек деп ойлаймын.    

Бүгінгі таңда адамның диагнозын заманауи технологияның жетістіктері арқылы анықтаймыз. Адамның ішкі ағзаларында қандай өзгерістер болғанын дәлдікпен көрсететін құралдар бар. Бұрынғыдай тамыр басып анықтап жатқандар некен-саяқ.

Адамды емдеу оның диагнозын дәл анықтаудан басталады. Дерті дұрыс анықталмаған адамды басқа дәрімен емдеу өте қауіпті. Жалпы алғанда, бүгінде дұрыс жолмен келе жатқанымыздың белгісі - қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасының ұлғаюы. Ең басты көрсеткіш - осы.

Мәселен, Шығыс-Тибет медицинасының тарихтан келе жатқан терең мазмұны мен дәстүрі бар. «Оны білемін, игеріп алдым»,- деп айту қиын. Бүгінгі заңдарымыз болашаққа баратын жолда дұрыс емдей алатын орталықтардың бәріне мүмкіндік беріп, қарастырғаны жөн.

Қазіргі таңда Қазақстанда ресми медицинамен қатар Шығыс-Тибет медицинасы да қатар келе жатыр. Олардың жұмыс істеуіне заңды түрде рұқсат берілді. Оған шетелден келіп жатқан бауырларымыз да үлес қосуда. Қытайдан, Еуропадан, Иран мен Ирактан келген қандастарымыз денсаулық саласының дамуына атсалысуда. Әр адамның қай дәрігерге барамын десе де, еркі бар.

Кеңес өкіметі кезінде халықтық емдеу жолын жойып жіберді ғой. Еліміз егемендігін алған соң, оған мүмкіндік берілді. Тибет медицинасы да заманауи технология жетістіктерін қолданып жатыр. «Біз тибеттікпіз, қазіргі құрал-жабдықты қолданбаймыз» деген ұғым жоқ. Медицина орталығын салуға жер беріліп, дәрі-дәрмек алуға, науқасқа емделген уақытында бюллетень беруге мүмкіндік жасалуы қажет деп ойлаймын.

- Сіз денсаулығыңызды қалай күтесіз?

Тамақ ішудің өзі де - үлкен мәдениет. Кеңес үкіметі кезінде тамақты үндемей отырып ішеміз деген ұғым болды. Түсте «бірінші», «екіншіні» және бір стақан компот ішеміз де, тұрып кетеміз. Ал қазір адам баласы күніне 3 литр су ішуі керек деген кеңес берілуде. Сонда өткен қоғамда 1 стақан ішудің жөні қалай болған? Ең бастысы, уақытымен, ретімен тамақтану керек. Асқазанды алып қарасақ, жоғарыдан төмен қарай бұратыла орналасқан. Бұрынғы жүйе бойынша тамақтанғанда бір сәтте бәрін ішіп-жеп алып, асқазанның жоғарғы жағын толтырып тастаймыз. Асқазанның бір жері толып тұрса, екінші жері бос жатыр. Сөл бөлініп үлгермей, түскен тамақты қорыта алмай жатады.

Ал біздің ата-бабаларымыз соны ертерек білген ғой. Сондықтан ас сіңімді болу үшін асықпай отырып тамақ ішкен. Шайды да, қымызды да баппен ішкен. Сонда асқазанға түскен тамақты рет-ретімен біркелкі жатқызған ғой.

Енді өркениетті ел - Англияны алып қарасақ, үстелдегі тарелканың екі жағында бірнеше қасық пен шанышқы және пышақ тұрады. Тамақтың әр түріне бөлек-бөлек ыдыс пен қасықтар беріледі. Алдыңа стақанда ылғи да су тұрады. Яғни, әр адам дастархан басында әңгімелесіп отырып, асықпай тамақ ішеді. Соның бәрі асқазанға «көмектесу» үшін керек.

Ал бізде зауыт-фабрикаларда, мекемелерде түскі үзіліс бір сағат, 20 минутта тамақ ішіп кетуің керек. Тамақты асығыс жұтып, өзімізді өзіміз құртып жатырмыз.

Мен фитнес сауықтыру орталықтарына барып тұрамын. Жүгіруді, әр түрлі жаттығулар жасауды, суға жүзуді жаным қалайды. Дене шынықтыру адамның ас қорыту жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді. Денім сау болсын деген адам өзінің он екі мүшесінің ырғақты жұмыс істеуіне мән беруі керек.  

- Рақмет әңгімеңізге.