Дәулет Кәрібек: 15-20 жылдан кейін волонтерлік өмір сүру дағдысына айналады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының басталу салтанатына қатысып, жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – Президент ретіндегі басты міндеттерінің бірі екенін айтқан болатын. Осыған орай «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек Жастар жылы мен Волонтер жылына қатысты ойымен бөлісті.

4-5 ЖЫЛДА ЕЛІМІЗДІҢ ҮШТЕН БІРІН ЖАСТАР ҚҰРАЙТЫН БОЛАДЫ

Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауының мәні тереңде жатыр. 1990-2000 жылдар аралығында бізде демографиялық ахуалымыз мүшкіл хәлде болды. 2000 жылдан бастап  экономиканың күшеюіне, елдің әл-әуқатының жақсаруына байланысты елдегі демографиялық ахуал түзеле бастап, «бэби-бум» болды: жыл сайын 400-500 мың нәресте дүниеге келе бастады. Жақын 4-5 жыл ішінде еліміздің үштен бірін, яғни 30%-дан астамын жастар құрайтын болады.

ЖАСТАР ЖЫЛЫ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының басталу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылы 2019 жылмен бітіп қалмайтынын айтты. Мысалы, жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету 2021 жылға дейін жалғасады.

Сонымен қатар, биыл 5000-нан адам астам «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша грант ұтып, кәсібін ашса, бұл бастама келесі жылы да жалғасын табады.

«Жас маман» бағдарламасы аясында еліміздің 17 аймағында 180-ге жуық колледж, 20-ға жуық оқу орны модернизациядан өтіп, заманауи мамандық бойынша білім беретін болады. Ол бір жыл ішінде бітпейді, бірнеше жылға созылатын жұмыс.

 «Дипломмен – ауылға» жобасына бөлінген қаржы бұрын 13 млрд теңге болса, Жастар жылы аясында мемлекет басшысы қаржы көлемін 20 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Бұл да келесі жылдан бастап іске асырылады.  Демек, Жастар жылының өзіндік жалғасы бола бермек.

БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ – БАЙ-ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ

Жастар жылындағы басты мақсат – жастардың әлеуметтік мәселесін шешіп беру ғана емес, жастардың бойындағы ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың жаңа бағыт-бағдарын айқындау деп айтуға болады. Мемлекет басшысы берекелі отбасы болмай – бай-қуатты мемлекет болмайтынын, оған жастардың баса назар аудару керек екенін айтты.

1997 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жобалық менеджментті мемлекеттік басқаруға енгізген болатын. Бұл жолы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соның сабақтастығы ретінде жастар саясатында бағдарлама дайындауға тапсырма берді. Бағдарлама әлеуметтік топтарға қарай бөлініп, бәріне түсінікті болатындай дайындалуы керек. Бұл да жастар саясатына берілетін мүмкіншілік.

ФЛЕШ-МОБҚА ҚАТЫСУ – ВОЛОНТЕРЛІК ЕМЕС

Біздің елде волонтерлікті жастармен байланыстыратындар көп. Бұл сөздің тарихына үңілсеңіз: Батыста Отан қорғайтын кезде тұрақты әскерден бөлек азаматтар өз еркімен соғысқа қатысқан және соны волоентерлік деп атаған. Қазіргі таңда бұл ұғым өзгеріп, басқаша сипатқа ие болған. Волонтерлікті түрлі флеш-мобқа қатысу деп ұғынатындар да бар.

Шын нәнінде волонтерлік деген қазақтың дәстүрінде бар дүние. Мысалы, асарлатуды айтуға болады. Үй салуға, мал союға немесе шабындыққа көмек керек болса ағайын-туыс, көршілер келіп көмектесетін болған. Бұрын ол «асар» деп аталса, қазір «волонтерлік» деп аталады. Екінші мысал – жылу жинау. Бұл да қазіргі тілмен айтқанда волоентерлік болады. Демек, мұның бәрі дәстүрімізде бар дүниелер, тек жаңғыртуымыз керек. Атауы басқаша болғанмен – рухани жаңғыру деген осы.

ВОЛОНТЕРЛІК ІЗГІ ҚАСИЕТТІ ОЯТАДЫ

Волентерліктің нақты бағыттары болатынын Президент өзі жік-жікке бөліп көрсетіп берді. Мысалы, медицинаға қатысты, экологияға қатысты волонтерлік. Мұның бәрі Қазақстанда волонтерліктің дамуына ықпал етеді. Біздің қоғамда «Мен өз жұмысымды істеп жүрмін, не үшін қосымша жұмыс істеуім керек?» деп ойлайтындар аз емес. Ал неге «Қоғамға қайтсем пайдам тиеді?» деп ойламасқа? Өмірге адам болып келгеннен кейін артыңда із қалатындай ізгілікпен өмір сүруге не жетсін? Волонтерлік адам бойындағы осы қасиетті оятады деп ойлаймын.

Біз кезінде Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» туралы трактатын оқыдық. Онда қайбір қалада ұрлық, зорлық-зомбылық сияқты нәрселер болмас үшін ол жерде қайырымды азаматтар болуы керек деп айтылады. Яғни, бір-біріне көмектесетін азаматтар жиналған қала құқық бұзылмайтын қалаға айналатынын жазады. Волонтерлікті дамытатын болсақ – жастардың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасаймыз.

КӨМЕКТЕСУ АРҚЫЛЫ ТҰЛҒАЛЫҚ ДАМУҒА БОЛАДЫ

Волоентерліктің тағы бір қыры – жастардың тұлғалық дамуына көп әсер етеді. Өзгеге көмектесу арқылы да тұлғалық дамуға болады. «Жас Отан» жастар қанаты жыл сайын 4,5 мыңнан астам жалғызбасты апаға, соғыс және тыл ардагерлеріне көмектеседі. Сол кезде байқайтынымыз: волонтерлікпен айналысатын жастар қызметтік жолда тез өседі. Неге екенін білесіз бе? Себебі олар үлкен кісілердің кеңестерін, ақылдарын естиді, батасын алады, құндылықтың не екенін түсініп, әр нәрсенің қадірін біліп, құр арманмен ұйықтап өмір сүруге болмайтынын ұғады. Экологиялық акцияға шыққан кезде де жастардың өздері су ішкен пластик ыдысты тастайтын қоқыс іздеп жүргенін, яғни қоршаған ортаны ластамау жолдарын іздеп жүретінін байқауға болады. Демек олар уақыт өте келе қазір қоршаған ортаны ластаса – ертең зардабын тартатынын түсіне бастайды.

2020 жылы волонтерлікті дамыту басталса, 15-20 жылда күнделікті өмір сүру дағдысына айналуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бастамаларын іске асыру үшін жастарды өз айналасына жұмылдырып, осы бағытта жұмыс істей береді.